Жері байдың – елі бай

Жері байдың – елі бай
Фото: nationalgeographic.kz

Қарқаралы – тарих қойнауынан сыр шертетін шежірелі де, киелі мекен. Өңір тарихи-мәдени орындарынан бөлек, табиғи байлықтарға бай, әрі тылсым күшке ие сай-сала, үңгірлер мен құрамында адам денсаулығына аса пайдалы минералдары бар өзен-көлдер, жыра-жартастар баршылық. Солардың бірі Кент таулары. Бұл жер атақты Қазыбек би, жаужүрек, ақын-сазгер Мәди Бәпиұлы, күйші Тәттімбеттің туған жері. Сондай-ақ, қоғам қайраткері Әлімхан Ермеков, әнші Әміре Қашаубаев пен Жүсіпбек Елебеков, ақын Қасым Аманжол, жазушы Әлжаппар Әбішев және Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров те Қарқаралы топырағының тумалары болып табылады.

02

Кент таулары – Сарыарқаның шығысында орналасқан таулы-орманды алқап. Ол Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы Қарқаралы тауынан оңтүстік-шығысқа қарай 40 шақырым қашықтықта орналасқан. Оның негізгі бөлігі қырқалы, күмбезді аласа таулар тізбегінен тұрады. Олар оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай 30-35 шақырымға бір-біріне жапсарласа созылып жатыр. Кент тауларының ең биік нүктесі 1469 метрден асады.

03

Батысы мен оңтүстік-батысындағы таулар пермь граниттерінен, шығысы мен солтүстік-шығысындағы таулар орта және жоғары тас көмір гранитоидтарынан беткейлері мен аңғарлары делювийлі-пролювийлі шөгінділерден түзелсе, вольфрам,молибден мен қалайы өндіретін кен орындары да бар.

04

Тау бөктерінде қарағай, қайың, көктерек, итмұрын, ұшқат, ырғай және қараған, тобылғы секілді ағаш-бұталар өссе, жан-жанарлардан арқар, елік, қасқыр, түлкі, қарсақ, суыр, қоян және тиін мекендейді. Сондай-ақ, дала бүркіті, құр, шіл, тоқылдақ, т.б. орман құстары кездеседі.

05

Талды (Кент) орман шаруашылығы негізінде құрылған Кент қорығы Қарқаралы ұлттық паркінің құрамына кіреді.

Дереккөз: nationalgeographic.kz 

Г. Берік