Жыр алыбы Жамбыл атындағы рухани орда

Жыр алыбы Жамбыл атындағы рухани орда

Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – білім қазынасы. Ал білім сипаты алуан түрлі. Ол ұрпақтан – ұрпаққа ауызша, жазбаша түрде немесе көркем әдебиет арқылы да жеткен. Адам баласының дәл осындай сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы саналатын қазынаның бірі –кітап десек, оның негізгі мекені – кітапхана.

"Кітапхана тірі болса – халық та тірі. Ол өлсе – біздің өткеніміз бен болашағымыз да өледі" – деген екен Д.Лихачев. Осы сөзді бағдарға ала отырып, әлемтану айдары Алматыдағы кітап иісі мүңкіп тұратын рухани орталыққа сапар шеккен болатын.

Біз қонақ болған қасиетті орда Фурманов көшесінің бойында орналасқан. Иә, сіз дәл таптыңыз! Ол - Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы.

Жамбыл атындағы Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы 1976 жылы құрылған.  Жыр алыбы Жамбылдың 150 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы №384 қаулысы бойынша кітапханаға Жамбыл аты беріледі. 

Кітапхана – Қазақстандағы жасөспірімдермен жұмыс жүргізетін кітапханалардың әдістемелік, ақпараттық және үйлестіруші орталығы болып табылады.

Мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасының мақсаты – жастарды кітаппен қамтамасыз етудегі мәселелердің қазақстандық және әлемдік тәжірибесін талдау мен зерттеуге, ақпараттық мәдениетті қолдауға бағытталған.

Кітапханадағы кітап қоры өзінше бай және қолжетімді. Кітап қорында 250 мыңнан аса кітап пен 200-ге жуық мерзімді басылым бар. Жамбыл Жабаевтың шығармалары – 109 дана.

Жамбыл кітапханасы Светлана Бекмағанбетова, Ханзия Сәуенова, Нәсима Нұрахметова, Рахия Фазылова сынды еңбекқор кітапханашылардың арқасында көптеген жетістіктерге жетіп келеді.

Сондай-ақ кітаптар мекенінде үлкен оқу залы мен мерзімді басылымдардың, «Құқықтық білім» секторы, абономенттер бөлімі, ақапараттық-библиографиялық қызмет, әлем әдебиеттері мен тілдері орталығы, әдебиеттерді толықтыру мен өңдеу бөлімі, кітап сақтау, кітапхананы дамыту мен әдістемелік жұмыс, кітапхана жұмыстарын автоматтандыру бөлімі жұмыс істейді.

Өзге кітапханалардан ерекшелігі мұнда Американдық бұрыш ұйымдастырылған. Бұрыш 2012 жылдың он жетінші ақпанында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ашылған болатын.

Мұнда өтетін сабақтар таңғы сағат 9.00-ден, кешкі сағат 19.00-ге дейін тегін өткізіледі. Дәріске қатысушылар Америка мәдениетін меңгеріп, ағылшын тілін үйреніп немесе сөздік қорын толықтыра алады. Мұнда түрлі деректі фильмдер көрсетіліп, соңында ағылшынша талдаулар жүреді және интернет бөлімі тегін қызмет көрсетеді.

Кітапхана оқырмандарды кітаппен ғана қамтамасыз етіп қоймай, адам жанын рухани жағынан байытуда өз үлесін қосып келеді. «Шабыт», «Жасыл Қорғасын», «Әдеби қонақжай» сынды ұйымдар оқырмандардың қызығушылығы бойынша атақты ақын-жазушылармен, өнер, ғылым қайраткерлерімен және басқа да танымал тұлғалармен кездесулер өткізіп тұрады.

Оған қоса кітапхана ұжымы «Баспасөз апталығы» жобасы бойынша еліміздегі ең таңдаулы мерзімді басылымдардың ұжымдарымен жүздесулер ұйымдастырып, оқырмандар ризашылығына ие болған.

Кітапхана сенбі-жексенбі күндері де қызмет көрсетеді, келем деушілерге есік ашық!

Дайындаған және суреттерді түсірген: Айгерім Сматуллаева