Белгілі блоггер ойын-сауық кешенін паналап жүр

Белгілі блоггер ойын-сауық кешенін паналап жүр

Белгілі блоггер Данил Иванов елімізде бұрын-соңды болмаған тәжірибе өткізуде. Қыркүйек айының 10-жұлдызынан бастап ол Алматы қаласында орналасқан ірі сауда-ойын-сауық кешендерінің бірінде өмір сүруде. Тәжірибе талаптарына сай ол бір апта бойы кешен ғимаратынан шықпай, сол жерді паналауы тиіс.

Дүйсенбі күні тәжірибе басталған сәтте Данил достарына үй мен көлігінің кілтін, әмиянын тапсырып, өзімен бірге ұялы телефон мен планшет салынған арқа қоржынын алды. Алғашқы сәттен-ақ ол ұялы телефон көмегімен ғаламтордағы әлеуметтік желілердегі парақшаларына кешенде қалай уақыт өткізіп жатқанын жазып, өз ойларымен бөлісе бастады. Сондай-ақ, әр кеш сайын ол бір күнінің қалай өткені туралы бейнесюжеттер жасап, ғаламторға енгізуді әдетке айналдырған.

Қызықты тәжірибеге Данил «Мен жалғыз емеспін» деген атау берді. Бұл атауда үлкен гәп бар. «Бұл атауды бекерден бекер жоқпын. Мен біздің қоғамның қаншалықты қамқор, жомарт, мейірімді екенін білгім келеді,» - дейді Данил. Оның айтуы бойынша, біздің қоғамда көмекке келетін, әрдайым қолдау көрсетіп, демеу білдіретін жандар жетерлік. Бес күн ішінде Данилге ыстық тамақпен қатар жастық, көрпе, үш тіс щеткасы, жеке бас гигиенасының бұйымдары т.с.с. қажетті заттарды әкелген. Алғашқы екі күн бойы Данил еденде ұйықтаған. Мұны білген абзал жандар оған жиналмалы төсек әкеліп берген.

Данил кеш жатып, ерте тұрып, небәрі 3-4 сағат ұйықтап жүр. Себебі, ойын-сауық кешені түнгі 2-де жабылып, таңғы 6-да ашылады екен. «Тәулік бойы музыка ойнатылады, қай уақыт болмасын халық көптеп жүреді. Сол себептен мазаң кетіп, жөнді демала алмайсың,» - деп Данил ағынан жарылды.

Алғашқы күні ол достарына әмиянын табыстағаннан кейін, ол өз тамағына ақшаны жұмыс істеу арқылы табуды жоспарлаған. Ол ойы жүзеге асты. Данил кешенде өткізген уақыт ішінде даяшы, мерчендайзер, жүк тасушы, сатушы, билет тексеруші болып жұмыс істеді.


«Әуелгі бастан, тәжірибе қызықты әрі жеңіл өтеді деп ойладым. Бірақ, шыны керек, оның аса оңай емес екенін ұқтым. Алғашқы екі күні кешендегі өмірге үйрене алмай жүрдім. Жарық сәулелері, ығы-жығы халық, қатты шу маған қатты кедергі келтірді. Депрессияға түсіп жүрдім. Барлығын тастап, қашып кеткім келді. Кейін мұның барлығына етім үйрене бастады. Расында да тәжірибе өте қызықты. Ең бастысы, мен өзімді тексердім. Кез келген жан мұндай қадамға бара алмасы хақ. Ал бұл менің қолымнан келді. Діттеген мақсатыма жеттім,» - дейді Данил. Ертең тәжірибе өз мәресіне жетеді. Данил бес күн бойы паналаған кешен ғимаратымен қоштасып, үйіне қайтады. «Бұл бастамасы ғана. Мынадан да қызықты тәжірибелер алда деп ойлаймын. Қандай екенін дәл қазір айту қиын. Оны әуелі ойлап табу керек,» - деп өжет блоггер өз ойын қорытындылады.

Данилдің тәжірибесі әлемеуттік желілерде қызу талқылануда. Бірі жас жігітті қолдаса, бірі аяушылық білдіруде. Бәзбіреулер оның өжеттілігіне таңырқаса, бірі даттауда. 

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер Данил Ивановтың «Мен жалғыз емеспін» тәжірибесіне арнайы ашылған facebook.com желісіндегі арнайы парақшадан алынған

Ғ. Ұзақ