Алғашқы қазақстандық әлемдік саяхат аяқталды

Алғашқы қазақстандық әлемдік саяхат аяқталды
Фото: depositphotos/djedzura

Алғашқы қазақстандық әлемдік саяхат аяқталды. "Шоқан Уәлиханов" деп аталатын яхта 24 шілде күні Маңғыстау облысындағы Баутино портына келіп тоқтады. Бұл туралы ақтаулық "Лада" газеті хабарлады.

Саяхатшылармен ресми кездесу 27 шілде күні "Самал" айлағында өтеді. Аталған жиынға яхтсмендердің жерлестерімен қоса, жергілікті билік өкілдері де қатысатын болады.

"Шоқан Уәлиханов" яхтасы Францияда арнайы тапсырыспен құрастырылған соң, саяхатшылар 2007 жылы аталған жобаны бастап кетті. Команда капитаны Александр Лавриновтың айтуынша, яхташылар сол маусымда Атлантиканы басып өткен. Дегенмен қаржылық қиындықтарға баланысты көп ұзамай жоба уақытша тоқтатылған. Саяхат 2011 жылы ғана қайта жанданды. "Жол бойында көп қиындықтармен қоса, түрлі қызықтарға куә болдық. Ресми, ресми емес кездесулерде басқа мемлекет өкілдерімен пікір алмасып, көп нәрсе түйдік", - деді Лавринов.

Экспедиция мүшелері

Әлемдік саяхаттың ұйымдастырушысы Ортаазиялық географиялық қоғам. Экспедицияға ақпараттық әрі қаржылық қолдау көрсеткендер: KAZENERGY ассоциациясы, "КазМунайГаз" АО ҰҚ, "МаңғыстауМұнайгаз" АО және "Казахинстрах" Акционерлік қоғамы. Шараның Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылғандығын қоса кетелік.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз.