Еділ Құсайынов фестиваль алдындағы қуанышын бөлісті

Еділ Құсайынов фестиваль алдындағы қуанышын бөлісті
Фото: tengrinews.kz

Атақты «Мереке» классикалық күйінің авторы Сейілхан Құсайынов пен қобызшы Раушан Нұрпейісованың ұлы Еділ Құсайынов – жетіген, сыбызғы, саз-сырнай, қамыс-сырнай, қауырсын-сырнай, шаң-қобыз сынды қазақтың ежелгі саз аспаптарының солист-инструменталисі. Саха-Якутия, Алтай Республикасы, Хакасия, Моңғолия жерлерінде саз аспаптарында ойнап шыңдалды. Еуропадағы, АҚШ, Азия елдеріндегі көптеген халықаралық фестивальге қатысып жүр. 2005 жылы Нью-Йорктегі Карнеги холлда, Вашингтондағы Кеннеди-орталықта, Париждегі ЮНЕСКО залында өз нөмірін сәтті орындап шықты. 2006 жылы 26 қазанда Токиода жеке концертін берді, атақты Сантори-холл залында өнер көрсетті. АҚШ-тың атақты виолончелисі Йо-Йо Мамен бірге де сахнаға шықты.

Еділ Құсайыновтың музыкалық шығармашылық кинокартинасына «Құрақ көрпе», «Келін» және «Аңшы бала» жатады. Еділ Құсайынов шығармашылығы этно-джаз-рок-музыка, этно-симфониялық, фольклор жанрларын ескі және қазіргі заманауи нұсқаға жинақтайды. 2008 жылы Лондондағы атақты Битлз-Аббей роуд студиясында «Ілбіс елі» жеке альбомын, «Бұлбұл заман» дискісін жазды. Бұған дейін белгісіз болып келген сыбызғы күйлерін «Шыңжаң қазақтарының сыбызғы күйлері» деген атпен кітап етіп шығарды.

Еділ Құсайыновтың биыл The Spirit of Tengri 2015 этно-музыка фестиваліне қатысатынын жазған болатынбыз. Соған орай солист фестиваль алдындағы жай-күйін баяндады.

«Фолк-джаз банда Satzhan Project» жобасының құрушысы – өзім. Бір қараған адамға «фолк» пен «джаз» ұғымдары жанаспайтындай көрінгенімен, қазақтың ұлттық өнерін, саз аспаптарын, күйін әлемге таныту мақсатында осы жобаны қолға алдым. Жетіген, сыбызғы, саз-сырнай, қамыс-сырнай, қауырсын-сырнай, шаң-қобыз сияқты көмейден шығатын саздарды жаңғыртуды көздедім.

The Spirit of Tengri 2015 этно-музыка фестивалі, басқа да халықаралық фестивальдер көптеп ұйымдастырылып жатады, мен оған қатты қуанамын. Әріптестерім қатысып жатады, мен жыл сайын Қазақстанда бола алмағандықтан қатыса алмаушы едім. Биыл сәті түсіп, бірінші рет қатысқалы отырмын, аса қуаныштымын. Қаншама экономикалық қиыншылықтарға қарамастан, ұйымдастырылып, қатысушылар саны да артып жатыр. Экономикалық мәселелер маңызды емес. Бастысы, халық сүйсіне тыңдайды, көреді. Қазақ елінде ұйымдастырылып, ескі дәстүріміздің жаңғырып жатқанына қуанады», - деді ол. 

Ұқсас жазбалар:

Алматыда The Spirit of Tengri фестивалі басталды

The Spirit Of Tengri күнделігі: Сайнхо

@. @assel_assanova