Қазақ ғалымдары жаңа табиғи микротыңайтқыш ойлап тапты

Қазақ ғалымдары жаңа табиғи микротыңайтқыш ойлап тапты

Қазақстанда ауылшаруашылық дақылдарының өсуін тездететін жаңа табиғи микротыңайтқыш жасалды. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне жоба авторларының бірі, Жану проблемалары институтының аға қызметкері Сейтхан Азат баяндап берді.

Ғалымның айтуынша, микротыңайтқыш бидайдың сабағынан нанотехнологияның көмегімен синтездеу арқылы алынған. "Тұқымдардың өміршеңдігін қамтамасыз ететін тыңайтқыш өнімді ерте береді, әрі өнім 20 пайыздан 40 пайызға дейін артады. Бұл препарат тұқымды суықтан, ыстықтан, тұздың кері әсерінен қорғайды. Отандық өнімнің шығуына белгілі академиктер Зұлхайыр Мансұров пен Мұрат Гильманов зор үлесін қосты", - деді Сейтхан Азат.

Табиғи шикізаттан алынған тыңайтқыштың өсімдікке ешқандай зияны жоқ. Бұл өнімнің тағы бір ерекшелігі - ол осыған ұқсас препараттарға қарағанда әлдеқайда арзан әрі қолжетімді. Препаратты қауын, қарбыз, қызылша, сәбіз, жемістер мен гүл тәрізді ауылшаруашылық дақылдарын өсіру үшін қолдануға болады.

Айта кетейік, бұл фитомикрофертилайзер микротыңайтқышы өсімдіктің өсуіне қолайлы жағдай жасайтын отандық алғашқы препарат. Микротыңайтқышты алқапта, бау-бақшада немесе үй өсімдіктеріне қолдануға болады.

сурет: tengrinews.kz

Е. Қайрахан