Ауа райының күрт өзгеруі ненің белгісі?

Ауа райының күрт өзгеруі ненің белгісі?

Қысқа күнде қырық құбылатын ауа райын кейде ер-азаматтар әзілдеп әйелдердің мінезіне теңейді. Табиғаттың тылсым күші мен құпиясын адамзат баласы ертеден бақылап қана қоймай, оған көндігіп, шаруашылығын да соған бейімдеп, алдын ала шаралар қолданған.

Ауа райындағы күрт өзгерістерге "бесқонақ", "отамалы", "құралайдың салқыны" деген сияқты тағы басқа да толып жатқан атаулар берген.

Кешелі бері кеңбайтақ еліміздің әр жерінде осындай құбылыстар байқалып, ауа райы күрт бұзылды. Мысалы, қаншама күннен бері шуағын шашып, халықты қуанышқа бөлеген Алматы қаласының көктемі тосын қылық танытып, жерді ақ қарға көміп тастады. Бұл құбылыс "құс қанаты" деп аталады. Ал дәл сол сәтте Маңғыстау облысында "тасбақаның дауылы" басталды.

Алматы қаласы

Қоңыр күзде туған жерімен қимай қоштасып, жылы жаққа кеткен құстар наурыз айының соңынан бастап, жауып тұрған қар, жаңбырмен араласып, туған жеріне қиқулап орала бастайды. Осындай сәт үнемі қайталанатындықтан, сол өңірдің тұрғындары ауа райының өзгерісін құстардың қайтуымен байланыстырып, "құс қанаты" деп атаған. Бір жағынан жаңбыр мен қар туған жеріне сағынышпен оралған құстарға шашылған шашу секілді. Мұндай кезде қыстық киімдеріңізді салып тастауға асықпағаныңыз жөн. "Сәуір болмай, тәуір болмас" демекші, әлі де алда абыржытатын күндер бар екенін ескергеніңіз жөн.

Алматы қаласы

"Тасбақаның дауылы" – құмды жерлерде байқалатын көктемдегі құбылыс. Халық сенімі бойынша тасбақа аузына бір шөкім шөпті тістеп, ініне кіріп, ұйқыға кетеді-міс. Соны ұйықтап жатқанда талғажу қылады-мыс. Көктем келіп, барлық тіршілік иесі жанданып жатқанда тасбақа да ұйқысынан оянады.

Ақтау қаласы

Ұзақ ұйқыдан тұла бойы ұйып, әбден әлсіреп қалған тасбақа үстіндегі топырақты сілкіп түсіруге шамасы келмейді. Табиғат-ана оған көмектесуі үшін дауыл тұрғызады-мыс. Ал сол кезде оның аузына тістеген шөбін алған адамның бар арманы орындалады екен. Жергілікті халық сондықтан жолы болғыш адамды "тасбақа шөбі бар" адам деп те атайды.

Ақтау қаласы, теңіз жағасы

Табиғатқа назар аударып, онымен сырласып үйреніңіздер, ағайын. Бағыңыздың жануы соған да байланысты болар, бәлкім...

Сурет: Massaget.kz

Ұқсас жазбалар:

Ғалымдар галактикамыздағы ең жылдам жұлдызды анықтады

Күн тұтылу құбылысы басталды

Вояджер – ғаламдағы ең жылдам ғарыш аппараты

Ғалымдар Үлкен дүмпу теориясын жоққа шығаруда

Ф. Абилова