Алматыда «Өз бизнесіңді дамыт» стартап байқауының жеңімпаздары анықталды

Алматыда «Өз бизнесіңді дамыт» стартап байқауының жеңімпаздары анықталды

Бұл жылы байқаудың қоры 240 мың АҚШ долларына дейін жетіпті. Осы орайда байқауға қатысушылар саны да көбейген. Жалпы алғанда 400 өтініш білдіріліпті. Байқаудың ақтық сайысына өткен тоғыз команда өз жобаларын ары қарай дамыту үшін қаржылай қолдауға ие болды.

Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда, стартап жобалардың сапасы да арта түскен. Осы кез әділ қазы алқасына да жеңімпаздарды анықтау біршама күрделі болыпты. Нәтижеде екі бірдей жеңімпазға 50 мың АҚШ долларынан, ал қалған ақтық сайысқа шыққандарға $20 мыңнан беріліпті.

Сонымен, «Өз бизнесіңді дамыт» байқауында $50 000 соманы автокөлік шиналарын қайта өңдеумен айналысуды негіздеген жоба ұтып алды. Стартап авторы Павел Шалагин бұл ақшаға тозығы жеткен өнімді қайта өңдейтін арнайы цех ашатынын айтып өтті. Қайта өңделген шиналардан әртүрлі резина өнімдерін жасауға болады. Автордың айтуынша, жобаны жүзеге асыру мақсатында автомобильге қызмет көрсететін орталықтармен келісімге келген.

Павелмен бірдей қаржыны қанжығасына байлаған Ерлан Теміржанов есімді азамат болды. Оның отандық аяқ киім дайындау жобасы қазіргі кезде айына 300-дей өнім шығарады екен. Ерлан мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа тарту арқылы қызметкерлердің санын арттыруды жоспарлап отырғанын жасырмады.

Сондай-ақ, 20 000 АҚШ доллардан Experimentarium (өндірістік дизайн), спортивті құрылғыларды өндірумен айналысатын CrossFit және Street WorkOut, экологиялық пакет шығаратын LifeBag, бүкіл донорлардың қанын бір орталыққа ұйымдастыратын Donor Blood, балаларға арналған ойын орталықтары Kids Lab және білім беру мобильді қосымшаларын шығарумен айналысатын Zero to One Labs стартап жобалары иемденді.

Қазылар алқасына «Singulariteam» қорының жетекшісі Моше Хогег, «Singulariteam» қорының басқарушы серіктесі Кеңес Рақышев, Kaspi Bank директорлер кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким, «Сәби» қайырымдылық қорының вице-президенті Әсел Тасмағанбетова пен PR-маман Әлішер Елікбаевтар мүшелік етті.

Сурет: stv-online.kz

Оқи отырыңыз: 

Қазақ баласы ойлап тапқан SmartBesik сатылымға шықты

Алматыда Atameken Startup бизнес-жобалар байқауы өтеді

Алматыда Наурыз мейрамы саябақта тойланатын болды

Ең жоғарғы жалақыны Қазақстанда кімдер алады?

Ж. Өрісбай