Ауа райы: Қаңтардың соңғы күндерінде де аяз болады

Ауа райы: Қаңтардың соңғы күндерінде де аяз болады

Қазақстанда аязды күндер әлі де біразға созылады, қаңтар айының 29-31-і күндері жауын-шашынсыз әрі ызғарлы болады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі "Қазгидромет" РМК болжамдарына сілтеме жасап. 

"Қуатты антициклонның орталығы Моңғолияға ауысты, бірақ оның Қазақстанның ауа райына ықпалы сақталады. Қаңтардың соңғы күндері республиканың барлық аумағында жауын-шашынсыз әрі суық болады", - делінген метеорологтердің мәліметінде. 

Ауа температурасы климат нормасынан 3-8 градусқа төмен болады, Қазақстанның солтүстігі мен шеткері батысында ғана температура нормаға жақын болады. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда осы аптаның соңына қарай аяздың беті қайтатыны хабарланған еді. "29 қаңтарға таман антициклон бұзылып, Алтайға қарай жылжи бастайды, сол кезде аяз бәсеңсиді", - делінген болатын. Қазақстан аумағына қарай жылжыған күшті антициклон ауа температурасының климат нормасынан 8-15 градусқа төмендеуіне әкеп соқты. Синоптиктер ақпан айының қарлы әрі аязды болатынын да хабарлады. 

сурет: Марат Әбілов

Е. Қайрахан