Бата беруді білмесеңіз, мына баталарды жаттап алыңыз

Бата беруді білмесеңіз, мына баталарды жаттап алыңыз

Қазақ халқы батыры сапарға шықса, баласы қолына су құйса, келін түсірсе, «Батаменен ел көгерер» деп бата берген. Ақсақалдың батасын алған адамның ісі оңға басып, жолы ашылады деген сенім бар. Біз де әдемі қартайып, немере-шөберелерімізге қарап марқайып отырған шағымызда ұрпаққа ақыл айта отырып қана қоймай, бата беруіміз де керек. Міне, бүгін, жадыңызда жүрсін деп, аталы сөз – батаның бірер үлгісін бермекшіміз. Ойымызға тоқып, жадымызда ұстап, қажет кезде тосылмай, бата беріп жүрейік, ағайын!

Сұрасаңыз батаны,
Айтайын бір сөз аталы:
Ұрпақпен өссін қатарлы!
Ер азамат көбейсін, 
Халыққа тиер шапағы.
Арта берсін жақсының,
Абырой, бедел, атағы.
Телі-тентек тиылып,
Жұрт көрмей жәбір-жапаны.
Қызықты, бейбіт күн кешіп,
Шырқалсын әр күн шат әні!
Еңбек еткен адамның,
Тірлігі боп сапалы.
Қашан, қайда шықса да
Оңынан болсын сапары!
Орындалып мақсаты,
Аман боп үй-жай, отаны!
Ерлер сыйлы қарт болсын,
Беліне түскен сақалы!
Аузында мәтел-мақалы,
Армансыз өтсін дүниеден,
Өмірге болмай қапалы!

Бұл атақты фольклорист Әубәкір Диваевтың халық аузынан жинаған баталары. Бұлар оның Ташкент қаласында 1924 жылы жарық көрген «Тарту» атты кітабынан алынған. Әрбір бата адамды кісілікке, парасатқа үндейді.

Құрдасыңа – қуаныш бол, 
Сырласыңа – сынық бол.
Жылағанға жұбаныш бол,
Туысыңа тұнық бол!
Татулыққа – тамаша бол,
Ықыласқа – иық бол!
Ана алдында аласа бол,
Ар алдында биік бол!
Керегеміз кертілмесін.
Өнегені өрт ілмесін.
Тереземіз теңселмесін
Теріс қылық еңсермесін!
Әумин!

Сурет: zeta.kz

Е. Жұмабайұлы