Мерекелеріңізбен, ақ халатты абзал жандар!

Мерекелеріңізбен, ақ халатты абзал жандар!

Бүгін – өмірлерінде бірде-бір рет қателесуге қақысы жоқ мамандық иелерінің төл мерекесі.

Елімізде әлемнің бірқатар елдеріндегідей маусым айының үшінші жексенбісін дәрігерлер күні ретінде атап өту дәстүрі қалыптасып келеді. Ең алғаш рет мереке "Мереке және атаулы күндер туралы" аталатын Кеңестер Одағының Жоғары Президумының қаулысы бойынша 1980 жылдың 1 қазанында қабылданған болатын.

Аурудың жасқа да, кәріге де қарамастан, ұрымтал жерден соға беретіні ақиқат. Сондықтан ине мен пышақты өмірлеріне серік еткен ақ халатты, алтын қолды дәрігерлерлер қауымына бесіктегі баладан есіктегі қартқа дейінгі адамдардың айтар алғысы шексіз екендігіне шүбәміз жоқ.

Медицина қызметкерлерінің күні - бұл мереке барлық ғұмырын алғысқа лайықты істерге – өзге адамдардың денсаулығы мен өмірлеріне қамқор болуға арнаған жандардың еңбектері еленетін күн. Бұл күні республиканың түкпір-түкпірінде дәрігерлер қауымына ерекше құрмет көрсетіліп, алғыс хаттармен марапатталып, ыстық тілектер арналады. Сондай-ақ, жаңа ауруханалар ашылып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.

Ендеше, қиналғанда көмек сұрап, ауырғанда шипа іздеп алдына барған кез келген науқасқа қолдау көрсететін, өмірлеріне қауіп төнген сәтте араша түсіп, тіпті кейде екінші рет өмір сыйлап жататын барша дәрігерлерімізді мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз!

Қазақстан медицинасы десе, Нұртас Кәкімжанұлының есімі ойға қатар оралады. Нұртас Кәкімжанұлы Қазыбаевтай жүректерге өмір сыйлап өтіп кеткен алтын қолды дәрігерлеріміздің жатқан жерлері жарық болғай...

Суреттер: altaynews.kz,pr-hal.kz

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева