Алматылықтар үшін аптаның қызықты шаралары

Алматылықтар үшін аптаның қызықты шаралары

Құрметті Алматы шаһарының тұрғындары мен қала қонақтары, бүгін біз сіздерді осы апта аясында сүйікті қаламызда өтетін қызықты шаралардан хабардар етпекпіз. 

Батырхан Шүкеновтың концерті 

Өтетін орны: Республика сарайы

Өтетін уақыты: 29-30 мамыр, сағат 19.00

Сахнада жүргеніне отыз жыл болған атақты әнші Батырхан Шүкенов осы кеште махаббат туралы 30 әнін тыңдарманға ұсынатын болады.

Танымал мәскеулік аспаз Карло Грекудің гастрольдік кездесуі

Өтетін орны: Parmigiano мейрамханасы

Өтетін уақыты: 30 мамыр – 2 маусым

30 мамыр мен 2 маусым күндері Алматы қаласындағы Parmigiano мейрамханасында танымал мәскеулік аспаз Карло Грекудің гастрольдік сапары өтеді.

Кеш қонақтарына Карлоның арнайы мәзірінен дәм тату мүмкіндігі бұйырады. Сонымен қатар, мейрамхана атынан да күтпеген сыйлықтар ұсынылады.

«Шәкен Жұлдыздары» кинобайқауы

Өтетін орны: Республика сарайы және 1-4 маусым күндері «CINEMATOWERS» байқау орталығы

Өтетін уақыты: Ашылу салтанаты 31 мамыр, 18.00

 

Халықаралық «Шәкен жұлдыздары-2013» кинобайқауы осымен он бірінші рет ұйымдастырылып келеді. Ұйымдастырушылардың сөзінше, шараның басты мақсаты – еліміздегі кәсіби киноны дамыту және кино саласында білек сыбанып жүрген отандық жас киногерлерді шабыттандыру. Сонымен қатар, осы кинофестиваль арқылы ұйымдастырушылар қазақ киногерлеріне өз туындыларын жасап, оны жариялауға мүмкіндік береді. Осы жылы арнайы «Шәкен жұлдыздары» байқауына француздық киносыншы Жан Руа келмек. Сонымен қатар үндістандық актер Джаред Джаффри және басқа да кино актерлері бас сұқпақ.

Байқауға қатысқысы келетінін білдіріп, іріктеу комиссиясына әлемнің 31 елінен 450-ден аса өтініш түскен. Бірақ байқауға солардың ішінен 54 кинофильм таңдалған. Оларға төмендегідей номинациялар беріледі: «Дебют», «Жастардың киносы», «Студенттерге арналған кинофильм», «Анимация». Қазақстан кинобайқауда сегіз кинокартинаны ұсынады. Олардың ішінде Айнұр Исмаилованың «Әкесі», Бауыржан Жаханұлының «Кім кінәлісі» мен Мұрат Біләлұлының «Суретшісі» бар.

Айтпақшы, кинокөрсетілімге кіру мен шеберлік сабақтарға қатысу - тегін. Халықаралық «Шәкен жұлдыздары - 2013» кинобайқауы туралы толық мәліметті мына жерден оқи аласыздар. 

Бастаның концерті

Өтетін орны: «ТСБ на Воде»

Өтетін уақыты: 1 маусым

1 маусымға жоспарланып отырған Ресейдің жарқын жұлдыздарының бірі Баста өнер көрсететін кештен де құр қалмауға тырысыңыз. Баста осы уақытқа дейін Мәскеу сахналарынан төмен түсіп, музыка шыңынан төмен ылдилаған емес. Ол осы уақытқа дейін талай әндерді өмірге әкеліп, орындаған әр әнін тыңдарманның көңілінен өткізе білді. Ресей жұлдызының Алматы қаласындағы өнер көрсетуінен сіз де қалыс қалып қоймаңыз.

«Биші Алматы» фотокөрмесі

Өтетін орны: NOT Ballet өнер үйі

Өтетін уақыты: 1 маусым

Алматының әрбір әсем көрінісін би қимылдарымен көрсетіп, қаламен дуэт болатын бұл фотожоба 1 маусым күні NOT Ballet өнер үйінде өтетін болады. Осыған ұқсас жоба ең алғаш рет АҚШ пен Ресейде пайда болған еді. Енді мұны өз елімізде де өткізер күн жетті.

Дәл осы күні қала қонақтары мен алматылық тұрғындар NOT Ballet өнер үйінің ашық көрмесінен би көріністерімен көмкерілген сүйікті шаһарымыздың ең жарқын 33 фотосуретін көре алады.

"Шығыс хикаясы" спектаклінің тұсаукесері

Өтетін орны: Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры

Өтетін уақыты: 29, 30, 31 мамыр, сағат 18.30

Құрметті театрсүйер қауым, Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры тағы бір су жаңа спектакльдің тұсауын кеспек. Мамыр айының 29-30-31-іне жоспарланып отырған «Шығыс хикаясы» атты жаңа қойылымның жанры – музыкалық комедия. "Шығыс хикаясының" авторы және қоюшы режисері – Талғат Теменов. Спектакль Пушкиннің ертегісі желісі бойынша сахналанатын болады. Спектакль жайлы толық мәліметті мына жерден оқи аласыздар. 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: music.nur.kz, snob.ru, inform.kz, kz.all.biz, vesti.kz 

А. Әбілхан