ҚазҰУ-дың ең үздік тобы анықталуда

ҚазҰУ-дың ең үздік тобы анықталуда

Кеше, 21 мамыр күні "Сұңқар" студенттік кәсіподағының ұйымдастыруымен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің қара шаңырағында "Ең үздік студенттік топ" байқауының ақтық мәресі болып өтті. 2012 жылдан бері бастау алған жоба студенттердің белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру, үздік студенттер тобын шығару және жастарды ынталандыру мақсатында жүргізіліп келеді. Осы жылы 13 факультеттен ең үздік 12 топ қатысқан. Байқау барысында студенттік топтардың тапқырлығы, біліміділігі және ұйымдастырушылық қабілетін жоғары деңгейде көрсету - қатысушыларға қойылатын басты талап. Кешеге дейін жалғасқан бұл дода студенттердің уақыттарын қызықты әрі пайдалы іске жұмсауына септігін тигізді. 

Студенттердің жалпы оқу үлгерімі, ғылыми, мәдени және қоғамдық шаралардағы белсенділігі, өзін-өзі басқарудағы ұйымдастырушылық қабілеттері сыналатын дода төрт деңгейде өткізілді. Бірінші факультетішілік деңгейде ең білімді, ең үздік, ең ұйымшыл топтар таңдалып, университеттік додада өз факультетінің намысын қорғауға озық шықты. Ақпан айының 14-28 аралағында әр факультеттің ең үздік топ студенттерінің жетістіктері мен шығармашылықтарын растайтын құжаттар папка түрінде жиналды. 

Факультеттен суырылып шыққан жалынды жастар өзара наурыз айының төртінде байқаудың алғашқы кезеңінде бақ сынасты. Сайыстың екінші деңгейінде немесе университеттік деңгейдің бірінші кезеңінде студенттік топтар өз факультеттерін қызықты бейнероликтермен таныстырып, әр топ өздерінің ұйымшылдығын көрсете білді. Байқауда әр топ ерекше костюмдер киіп, өздерінің таланттарымен жұртты таңдандырды. Байқауға қатысқан әр топ өз факультетінің намысын қорғайтын болғандықтан, сайыста бар күш-жігерлерін салды. 

Сәуір айында студенттердің ең сүйікті жобасына айналған "Ең үздік студенттік топ - 2013" байқауының екінші кезеңі өтті. Аталған конкурс "Саламатты дене мәдениеті" және "Айналаңды нұрландыр" жобаларының аясында өткізілді. 

Ұйымдастырушылар тек байқау кезеңдерімен ғана шектеліп қалмай, топтар арасындағы байланысты нығайту және рухани мәдениетін арттыру мақсатында үздік студенттер театрда бас қосты. Ғ. Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрындағы "Сүйе білсең..." қойылымы ҚазҰУ жастарына тамаша көңіл-күй сыйлады. 

Ақырындап ақтық мәренің шыңын бағындырған студенттердің жиған-тергендері

Ең үздік студенттерге табыс етілетін марапат сыйлықтары

Әділ-қазылар алқасының бағалау парағы

Әділ-қазылар алқасында: 

Меңдігүл Ноғайбаева - Тәрбие ісі жөніндегі департементінің директоры

Данияр Аралбекұлы - Жастар ісі жөніндегі комитеттің бастығы

Айдана Сыдықова - "Сұңқар" студенттер кәсіподағының төрайымы

Студенттер ғылыми жобаларын таныстыруда

Номинацялар бойынша марапатталған студенттер

Жеңімпаз студенттер БАҚ өкілдеріне сұхбат беруде

Бірліктерің ажырамасын, студент жастар!

Ақтық мәреге жолдама алудың өзі жеңіс. Әйткенмен студенттердің төбесін көкке жеткізер ұлы жеңіс әлі де анықталған жоқ. Осы уақытқа дейін бақ сынап келген жастардың барлық көрсеткіштерін қосып, қорытындылағанда ғана нақты жеңіс белгілі болмақ. Кешегі көрсеткіш бойынша топтарға тек номинациялар ғана табысталды. Жеңімпаз студенттік топтарды Ыстықкөл мен Есікке жолдама күтіп тұр. Демеушілер арасынан табылған Кинопарк та төменгі орынға ие болған студенттерге тегін билет таратпақ. 

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: Ақерке Әбілхан

А. Әбілхан