Алматыдағы "Мұражай түні"

Алматыдағы "Мұражай түні"

"Өткенді айтпай, болашақ жоқ" демекші, адамзаттың өткені мен өшкенін жаңғырту, тарихын ұлықтау, өскелең ұрпаққа таныстыру мақсатында ұйымдастырылатын мәдениет пен тарихтың негізгі орталарының бірі - мұражайлар. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық мұражайында "Халықаралық мұражай күніне" орай "Мұражай түні" атты мерекелік шара өткізілді. 1997 жылы бастау алған халықаралық жобаға 2006 жылдан бері еліміздің ірі әрі ең көне мекеме ҚР Мемлекеттік Орталық мұражайы қатыса бастады. Осы уақыт аралығында бұл шара Алматы қаласының мәдени күнтізбесіндегі есте қаларлық ерекше оқиғаның біріне айналды және шараға келушілердің саны жыл сайын өсіп келеді.

"Мұражай түні" жобасының негізгі мақсаты - мәдениет саласындағы басты мәдени-білім беру нысандардың бірегейі әрі әлеуметтік-мәдени маңызды ұйым болып табылатын  мұражайға қоғам назарын аударту. Атап айтқанда, мәдени-тарихи мұраларды насихаттаудың ерекше түрлері мен алуан бағдарламалар ұйымдастыру арқылы мұражайдың беделін нығайту шараның негізгі мақсаттарының бірі болып табылады.

Жоба аясында Қазақстан Республикасында аккредиттенген Елшіліктер жанындағы мәдени орталықтар, атап айтар болсақ, Түркімен этномәдени бірлестігі, Осетия мәдени-ағартушылық "Ирныхат" орталығы, Әзірбайжан "Озан" қоғамы, Қазақстан корейлер қоғамы, дүнгендер қоғамы, күрдтердің "Барбанг" қоғамы, Түркі халықтарының мәдени қоғамы, ҚР Мысыр Елшілігі жанындағы және Иран Ислам Республикасы жанындағы мәдени орталықтардың қызметіне арналған "Мәдениеттер сұхбаты" атты көрме ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, келушілердің назарына бір эксонаттан тұратын "Ежелгі Мысыр мумиясы"(б.з.д. екінші мыңжылдықтағы Фивы қаласынан), "Сихотэ-Алиндік метеорит"(1947ж) атты көрмені көрмелерді көруге мүмкіндік туды.

Мұражайдың археология орталығы археологиялық экспедициялар және қазба жұмыстары тақырыбына арналған"Археологиялық лагерь" атты көрме қойды. Ал, этнология орталығы "Жаулық орап көрейік" атты этнографиялық шеберлік-класстар жүргізді.

Аумақта тұңғыш рет балаларға арналған "Твор-Двор", "Ғажайып шеберхана" балалар шығармашылық алаңы жұмыс істеп отыр. Мұнда балалар шығармашылықпен айналысып, қолжан гүлдер, керамикалық өнімдер, киізден жасалған әшекей бұйымдар, декупаж және т.б. қолөнер бұйымдарын жасауды үйренеді.

Шараға келген қонақтарға ұйымдастырылған акциялардың тізімімен таныс болыңыз: О.Таңсықбаев атындағы колледж студенттерінің "Естелікке сурет салдыру"; "Pozitiv studio"-дан жедел фото және Алматы хайуанаттар бағының жануарларымен фотоға түсу; қазақ-украиндық "Бірге жасаймыз" жобасынан "Бір түндегі картина"; "Сенд-про" студиясынан "Құммен сурет салу; күлкі терапиясы мамандарынан "Күлдірге қорқыныштар", "Шар-дизайын" компаниясынан "Әуе шарлары" және "МаКо" компониясынан "Шоколадты субұрқақ" жобалары.

"Мұражай түні" шарасының ең басты жаңалығы - "Ескіліктің жаңғырығы" атты көрменің ашылуы болып отыр.

Өзіндік тарихы бар көне бұйымдарды бағалайтындар үшін антиквар заттардың орны ерекше. Бұл жерге өткенді еске алу үшін кіруге болады. Көрмеге қойылған шығыс халықтарының салт-дәстүрлерінің ұлттық бейнесін түрлі-түсті бояумен әрленген В. Сталинговский, В.Фадеев, А.Волков, Х. Валиев сынды суретшілердің кескіндемелерін; көне парсы қыш тақталарын, флорентилік мозаикаларды, сирек кездесетін ордендерді, гравюраларды, златоустық кару-жарақшының қолынан шыққан қанжарды, каллиграфия(құснихат) үлгілерін, ыдыстар мен көптеген құнды жәдігерлерді тамашалау бір ғанибет.

Келесі бір жаңа көрме "Көне қолжазбалар мен басылымдар" тақырыбында ұсынылды. Көрмеге қазақ халқының белгілі тұлғалары - Абай Құнанбайұлының, Мүрсейіт Бікіұлының, Тұрағұл Абайұлының, Мұхамеджан Сералиннің, Қожалар шежіресі, Ахат Шәкәрімұлының бірегей қолжазбаларының түпнұсқалары қойылады.

Жалпы көрме төрінен орын алған жәдігерліктерді мазмұндық ерекшеліктеріне қарай қазақ тілді(төте жазулы) қолжазбалар, Құран мен тәпсірлер, Мұхаммадия және Мұхтасар кітаптар, грамматикалық оқулықтар мен сөздіктер және әртүрлі діни мазмұнды литографиялық баспа өнімдер деп бірнеше топқа бөлуге болады.

"Мұражай түні" ұсынатын тосын сыйлар мұнымен біткен жоқ. Кеште еліміздің белгілі өнер жұлдыздары өнер көрсетіп, әртүрлі шоу бағадарламалар өткізіліп, би, музыкалық аспаптар өнері және әртүрлі киім үлгілері мен шаш қой үлгілері таныстырылымға шығарылды.

Бұл мерекені тек кәсіби мамандардың ғана емес, сондай-ақ ол Қазақстанның тарихи естеліктері және мәдени мұраларын жаңғырту мен сақтауға мән беретін, яғни Мұражай деп аталатын айрықша мәдени институттың шынайы жанашырларының мейрамы деуге болады. Ендеше, мереке құтты болсын, ағайын!

Мұражай есігі қала тұрғындары мен қонақтар үшін түнгі сағат 12-ге дейін ашық.

Дайындаған және суретке түсірген: Айгерім Сматуллаева