"Дала төсіндегі мұхит тамшысы"

"Дала төсіндегі мұхит тамшысы"

Еңселі елордамыздың төріндегі «Думан» ойын-сауық орталығы 2003 жылдың мамыр айында ашылған болатын. Орталық бірегей сауықтық кешеннен, ТМД көлемінде теңдесі жоқ океанариумнан, 5D кино­театрдан, күмбезасты кеңістіктен және басқа да бірнеше нысаннан тұрады. 

Балаңыз енді ғана тәй-тәй басып, айналадағы ортаны енді тани бастаған жаста немесе мектеп жасындағы жасөспірім немесе есейген бойжеткен не ер жігіт пе? Ал жарыңыз романтикалық жан немесе жұмысқа берілген еңбекқор ма? Әжеңіз бен атаңыз зеріктім деп шағым айтып жатырма? Қуаныз! Осы орталықтан олардың әрбірінің талғамына сай көңілдерін көтеріп, жан мен тәнді демалдыратын бөлімдер табылады.

Саяхатымыздың алғашқы күнін "Думанның" ең қызықты орталықтарының бірі саналатын Мұхитаралға арнайтын боламыз. Бізбен бірге жүріңіз!  Бұл саяхат арқылы сіздің суасты әлемінің бар сұлулығын және суасты тұрғындарын көруге қайталанбас мүмкіндігіңіз бар. Мұнда балықтарға ғана емес, сонымен қатар теңіз тасбақаларымен, актиниялармен, теңіз жұлдыздарының және т.б. суасты тұрғындарымен кездесесіз. 

Нысан ТМД көлемінде ең бірінші болып ашылған. Мұнда Оңтүстік Америка және оңтүстік-шығыс Азиядағы тұщы сулардың, жағалау маңдарының, тұңғиықтар мен маржан рифтердің тұрғындары тіршілік етуде. Мұхитарал түбі жылжымалы жолмен жабдықталған. Жеті сантиметрлік акрил шынысынан жасалған 70 метрлік дәлізден және үлкен-кішілі 11 аквариумнан тұрады. Ашылған жылдары Мұхитаралдағы 3 миллион литрлі су қорын теңіз суының күйіне жеткізу үшін 120 тонна теңіз тұзы қолданылған.

Қазір мұнда жұмыр Жердің әр түкпіріндегі теңіз жәндіктерінің 100-ден астам түрінен тұратын 2 000-нан артық теңіз тұрғындары тіршілік етуде екен. Олар негізінен Оңтүстік Америкадағы және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы тұщы сулардың, жағалау маңдарының, тұңғиықтар мен кораллды рифтердің тұрғындары саналады.

Мұхитарал түбі жылжымалы жолмен жабдықталған, қалыңдығы 7 сантиметрлік акрил шынысынан жасалған 70 метрлік дәлізі бар және әр түрлі көлемдегі 11 аквариумды екі үлкен көрме аймағынан тұрады. Аквариумдердің әр түрлі тұрқы балықтар тіршілігіне көз салуға және жыртқыш балықтар мен кәдімгі балықтарды қоректендіру барысын қадағалауға мүмкіндік береді. 

Бірінші көрме аумағына Оңтүстік Америка мен Оңтүстік-Шығыс Азияның тұщы суларын мекен етушілер қойылған. Тап осы жерден бұларға қоса, теңіздер мен мұхиттар жағалауларының теңіз жұлдыздарын, бағзы замандар өкілі - хелицерилерді-ершікшаяндарды, саяқ-шаяндарды, ұзынмұрттарды және теңіз шаянын көруге болады.

Екінші көрме аумағында мұхит түбі кораллдары қауымдастығының өкілдері: атбалықтар, теңіз инелері, сиырбалықтар, жапон қорапшалары, түлкібикештер, итбалықтар, ақмамықтар назарға ұсынылады.

Ал бас аквариумда Мұхитаралдың ең үлкен тұрғындары - акулалар, олармен қоныстас-салмақтары мен тұлғалары жағынан акулалармен иық теңестіре алатын алып теңіз алабұғалары, үлкен патшабалықтар, жарқанат-балықтар мен басқа да үйірімен жүретін балықтар тіршілік кешуде. 

Кәрі мен жасты бір ортаға жинаған "Думан" ойын-сауық орталығының Мұхитаралында Мұхиттың барлық жұмбағына үңіліп, сұлулығын тамашалау мүмкіндігі қала тұрғындары мен қонақтар үшін әрқашан қолжетімді! Билеттерді 1500-2000 теңгеге сатып аласыз. Мұхитаралда болу уақыты шектелмеген, сондықтан қонақтардың көбісі үлкен балықтар мекендейтін аквариумдардың алдында ұзақ тоқтап, мекендеушілердің күнделікті тіршілігін тамашалап, естелікке суретке түседі.

Суреттерді түсірген және дайындаған: Айгерім Сматуллаева