Астанада ЭКСПО-2017 сәулетшілері жиналды

Астанада ЭКСПО-2017 сәулетшілері жиналды

Кеше Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі кешенінің сәулеттік дизайнын жасау бойынша конкурсқа қатысушылармен кездесуі өтті. Бұл туралы Қазақстан Республикасы үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында Серік Ахметов сөз алып: "Мұндай ауқымды мамандандырылған шараны өткізу халықаралық қауымдастықпен бірге біздің елімізде де үлкен қызығушылық туғызады. Көрмені өткізуге дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі ЭКСПО-2017 алаңының сәулеттік дизайнын жасау болып табылады", - деді. Бұл көрмені ұйымдастырушыларға үлкен жауапкершілік жүктейді.

Ол осылайша Қазақстан тарапынан конкурстың барлық кезеңдерінің ашық өтуі қамтамасыз етілетінін айтты.

"Кездесу барысында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы - ҚР қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров пен «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма басшысы Талғат Ермегияев Көрмені өткізудің тұжырымдамасымен таныстырды.

Кездесу соңында С.Ахметов қонақтарға конкурсқа қатысқандары үшін алғыс білдіріп, оларға алдағы бірлескен жұмыстар барысында табыстар тіледі", - делінген таратылған ақпаратта.

Конкурсқа Италия, АҚШ, Германия, Англия, Оңтүстік Корея, Нидерланды, Қытай, Түркия, Испания, Ресей, Жапония, Қазақстанның сәулетшілері қатысады. Оның қатарында Манфреди Николетти, Кевин Ким, Майкл Джером Волк, Пей Жу, Али Саад, Сагри Канвер сияқты танымал сәулетшілер бар.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: skyscrapercity.com