Мәскеу–Алматы. Мәскеуден қандай мегаполистік жобаларды алуға болады?

Мәскеу–Алматы. Мәскеуден қандай мегаполистік жобаларды алуға болады?
Фото: Yernar Almabek/Massaget.kz

Мәскеу – халық саны, инфрақұрылымы, тарихы жағынан ең ірі мегаполистің бірі. Қаланың қалыптасуында түрлі қиындықтар, қарама-қайшылықтар болды. Соның салдарынан қала тұрғындар үшін ыңғайланып, қажеттікті өтеу арқылы дамыды. Ортастатистикалық Алматы тұрғыны үшін Мәскеудің өз кемшілігімен қатар артықшылығы да бар. Ал егер соның барлығын Алматы өміріне интеграцияласа қалай болар еді? Назарыңызға Мәскеу қаласынан көзкөрген айшықты идеялар мен ірі жобалар легін ұсынамыз.

Түнгі Мәскеуді аралап жүрсеңіз, жарнама құралдарының түр-түрін көруге болады. 18 миллион халқы бар қаланың өзінде адам назарын жаулау оңай емес. Бірақ мына тәсілге кемі бір көз салмай өте алмайсыз.  

Бір қарағанда жолға боялған сурет, бірақ әсте олай емес. Бұл – кофехана үстінен түскен лазер жарық. Қаланың біраз жерінен байқауға болады, әсіресе түн жарымға дейін ашық тұратын мекемелерден.

Өте ұнамды тәсіл. Назары түскен клиент те риза, оларды шақыра білген мекеме де риза және бояудан ада жол да дән риза. 

Мәскеу метросы станция саны және ауқымы жағынан әлемдегі ең ірі метро жүйелерінің бірі. 14 бағыт, 222 станциясы бар метро желісінің жалпы ұзындығы – 381 шақырым. Сол үлкен жүйеде тегін Wi-Fi желісі бар. Телефон нөмірін бір рет тіркеп, интернетке лезде қосылуға болады. Алматы метросына да биыл Wi-Fi желісі орнатыла бастады. Бірақ тек метро станцияларында ғана. Демек вагон ішінде интернетке қосыла алмаймыз. Мәскеулік метрода вагон ішінде де, станцияларда да Wi-Fi арқылы жылдам интернетке қол жеткізуге болады. Одан қалды мобильді байланыс та бар. Яғни қоңырау шалып, 3G арқылы да интернетке қосылуға жағдай жасалған.

Қаланың шеткі аймақтарында жерүсті метро теміржолдары бар. 2003 жылы қолданысқа енген жерүсті метросы жаңа теміржол желілерін жылдамырақ салу үшін және қазу жұмыстары күрделі аймақтардың үстінен өту үшін қолданылған екен. Тасы көп Алматы литосферасын қазғаннан гөрі дәл осындай жерүсті теміржолының пайдасы көп болып көрінді. 

Метро таңғы сағат 05:30-да ашылып, түнгі 01:00-де тоқтайды. Қала орталығындағы әр рейстің аралығы – 1 минут. Күтуге ұзақ уақыт кетпейді, бірақ соның өзінде вагондар лық толы. Эскалаторда да құжынаған халық. 

Мәскеудегі танымал сауда ойын-сауық орталығының бірі – "Детский мир". Төрт қабатты үлкен ғимарат тек балалар игілігіне жасалған. Ғимарат тарихи келбетін сақтаған. 1953-57 жылдары атақты сәулетші Алексей Душкин жобасымен салынған тарихи мекеме о баста да балаларға арналған универмаг ретінде ашылған. Мәскеу әкімшілігі ғимараттың тарихи сипатын сақтау үшін реконструкция жасап, "Детский мир" дүкендер желісіне жалға берген.

Ішін жай ғана көз салып аралап шықсаңыз, Алматының ығы-жығы ойын-сауық орталықтарынан шаршаған балаларға дәл осындай өз әлемі керек деген ойға қаласыз. Балаға керек дегіннің бәрі бір орталыққа жиналған. Дүкен, кинотеатр, ойын-сауық орталықтары, музей, мәдени іс-шаралар барлығын қамтыған.

Мысалы мынау ғимараттың төртінші қабатындағы ойыншықтар музейінің экспонаттары. Кезінде қандай ойыншықты сындырып, қайсымен көп ойнағанын балаларына көрсетумен әлек болған ата-ана көп музейде.

Арагідік Мәскеуде трамвайларды байқауға болады. Қаланың тарихи қалпын сақтап тұрған аз транспорттың бірі шығар. Алматы трамвай желісін алып тастағалы көліктермен қатарласа келе жатқан трамвайлар көзге оғаш болып үлгеріпті. Бірақ көлік қозғалысына кедергі болып жатқан трамвай жоқ. Көлігін үйге қалдырып кетіп, кептеліске жағаласпайын деген аз тұрғынды белгіленген тәртіп, уақытпен тасып жүр.

Мәскеудің біраз аялдамаларынан USB-порттарды байқауға болады. Wi-Fi желісі де орнатылған. Мәскеу кептелісінде автобус күткен жұрт үшін өте қолайлы дүние. Бірақ аялдама мен автобустарда адам қарасы аз. Себебі барлығы жер астында, метрода жүр. Аялдамаға адамның сирек келетіні сонша, орындықтарын шаң басып кеткен.

Қоғамды қоғам деп танытатын бір фактор – оның дәретханасы. Мәскеуде мынадай қоғамдық дәретханалар баршылық. Бірақ олардың орналасуы мен ыңғайы қала тұрғындарының көңілінен шықпайтын көрінеді.

Мәскеу метросының жаңа вагондарында мынадай велосипед тұрғылары бар. Таңертеңгі және кешкі қарбаласта жолаушыларға кедергі келтірмеуге арналған таптырмас құрал. 

Бір Мәскеуде тоғыз теміржол вокзалы бар. Әрқайсысы бір-бірімен байланысқан үлкен тораптардың ішінде аэроэкспресс вагондарын байқау қиын емес. Бұл кәнігі "электричканың" заманауи аналогы екен.

Жылдам пойыздар қаланың негізгі вокзалдары мен аэропорттары арасында қатынайды: Домодедово аэропорты – Павелецкий вокзалы, Шереметьево аэропорты – Белорусский вокзалы, Внуково аэропорты – Киевский вокзалы.

Таксимен қала орталығына кептеліспен жету үшін екі жарым сағатыңызды құртуға тура келеді. Ал аэроэкспресспен жарты сағат ішінде тез жетіп аласыз. Үлкен мегаполистердің кептелістен, көліктен ада транспорттардың қандай да бір түрлерін қолдануға асық екенін осыдан-ақ байқай беруге болады.   

Massaget.kz