Ұзақ жылдар бойы билік басында жүрген президенттер

Ұзақ жылдар бойы билік басында жүрген президенттер
Фото: statista.com

Әлем елдерінде ұзақ жылдары бойы елін басқарып жүрген мемлекет басшылары аз емес. Жуырда Германияның Statista онлайн порталы осы басшылардың тізімін жариялады.

Порталдың сәуір айындағы тізіміне 13 елдің президенті енген. Неге 13 басшы енгені жайлы ақпарат берілмеген. Әдетте мұндай рейтингтік тізімдер 10 немесе 15 болып түзілетін. Бәлкім, 13,5 жыл Германияны басқарып келе жатқан Ангела Меркельді қосқысы келмеген болар...

Сәуір айының басында Алжир елін 20 жыл басқарған Абдель Азиз Бутефлик қызметінен кетті. 82 жастағы президент денсаулығына байланысты 2013 жылдан бері көпшілік алдына шығып, жолдау жасамаған. Тағы бір рет сайлауға қатысуға ниет білдіргенмен, ел халқы қарсы болды.

Қазіргі таңда ең көп уақыт ел басқарып отырған президенттер көшін Экваторлық Гвинея елінің басшысы Теодоро Обианг Нгема Мбасого бастап тұр. Ол билік тізгінін 1979 жылы әскери төңкеріс жасап ұстаған болатын. Басшылықта болғанына биыл 40 жыл толады.

Ұзақ жылдар бойы елін басқарып жүрген әлем президенттері тізіміне Камерун, Камбоджа, Уганда, Иран, Судан, Чад, Эретрея, Тәжікстан, Белорусь, Конго Республикасы, Джибути және Ресей елінің басшылары енген.

Порталдың рейтингі бірер ай бұрын жарияланғанда бұл тізімге қазақ елін 29 жыл басқарған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та енген болар еді.

Ө. Сансызбай