Некенің әйелге әсері

Некенің әйелге әсері

Кеше ғана неке ер кісілерге денсаулық, өмірлік бақыт, ұзақ ғұмыр әкелетіні жайлы айтқан болатынбыз. Ал әйелдерге ше? Отбасылы болу қыз денсаулығы мен эмоционалды жағдайына пайдалы ма?

Ерлердің үйленгеннен кейін қарны тоқ, үйі жайлы, жағдайы жасалғандықтан, денсаулығы мен көңілі жақсы болудың еш жаңалығы жоқ. Алайда әйел адамдарда басқаша екен. Тек бақытты неке әйелдерге пайдалы бола алады. Күйеуінің көңілінен шыққан арулардың депрессиялары аз, денсаулықтары мықты, жүрек-тамыр ауруларына шалдығу мүмкіндігі төмен болады. Олар салауатты өмір салтын ұстанып, артық салмақтан азап шекпейді. Ал сәтсіз отау келіні атанған қыздардың ауыр ауруларға шалдығу мүмкіндігі әлдеқайда өседі.

Әрине, ажырасқан, жесір немесе жай жалғыз әйелдердің жағдайлары некеде бақытсыз арулардан да жаман.  

Біреумен байланыста болу, жақын адамыңның бар болуы - кез келген жан үшін табиғи қажеттілік. Сүйген адамыңның болмауы эмоционалды қиындықтарға кезіктіреді. Ал әсершіл әйелдер мүлде денсаулығынан жапа шегуі мүмкін.

Қалай болғанда да, ерлерге некенің әсері әлдеқайда жақсы. Неліктен?

Біріншіден, ер кісілер жұбайларын жалғыз кеңесшісі мен жұбанышы деп таниды. Ал қыздарға үйлену - өмірдегі үлкен қадам болса да, жолдастары олар үшін өмірдегі жалғыз адамы болып қалмайды. Олар басқалармен де (анасымен, әпкесімен, құрбысымен) эмоционалды байланыста болады. Психологиялық тұрғыдан қарағанда, әйелдер некеден ерлер сияқты қанағаттанбайды.

Екіншіден, әйелдер теріс, жағымсыз оқиғаларға әсершіл келеді.

Сондай-ақ, әйелдер күйеулеріне әрдайым көмекке келуге дайын. Олар күйеулерін күтіп, жағдайын жасайды. Күнделікті шаруалар, тамақ, үй жинау, жалпы үйдің бар тірлігі әйелдің мойнында болады. Сондықтан әйелдерге қарағанда ер кісілер көбірек күтім мен махаббат көреді. 

Әрине, күйеуге шықпаған арулар болашақта ауруға шалдығып, бақытсыз болады деп айтуға болмайды. Олар шын мәнінде, өмірінен, достарымен қарым-қатынастан, қызықты жұмысынан қажетті қанағатты алып, бақытты болса, денсаулығы мен көңілі да жақсы болары сөзсіз.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: mail.ru

С. А