Шайдың зияны туралы не білеміз?

Шайдың зияны туралы не білеміз?
Фото: freepik.com

Қазақ халқы шай ішуге құмар. Шөлді қандырып, қуат беретін, қан құрамындағы холестерин мөлшерін азайтып, жүрек-қан тамырлар жүйесін қалыпқа келтіретін, одан қалды қартаюды баяулататын бұл "сусынның" кері жағы да бар.

Ыстық шай мұрыннан қан ағудың себебі болуы мүмкін

Британиялық отоларинголог Генри Шарп шайды ыстық қып ішетіндер денсаулығына зиян келтірушілер дейді. Себебі ыстық шайдың буы жұтқыншақ қантамырларын кеңейтіп, мұрыннан қан кетуге әкеп соқтыруы мүмкін. Оған қоса ыстық шай өңеш рагының дамуына әсер етеді. Сол себепті шайдың температурасы 50–60 °С градустан аспағаны жөн.

Қою шай тіс пен сүйекті зақымдайды

The New England Journal of Medicine басылымы қою шайды ұнататын бірнеше емделушіні зерттеген. Нәтижесінде қою шайдың пайдасынан гөрі, зияны көп екені анықталған. Шайды қою етіп ішетіндердің тісі уақыт өте түсіп қалуы мүмкін. Сондай-ақ сүйекті зақымдайтын фтор қою шайда көп кездеседі.

Диетологтар қою шайды көп ішпеуге кеңес береді. Күндік нормасы - 4-5 тостаған.

Шайдың құрамында ауыр металлдар кездеседі

Әлемнің түкпір-түкпірінен алынған шайдың құрамын зерттеген канадалық Journal of Toxicology басылымы мынадай қорытындыға келген: шайдың басым көпшілігінде қорғасын, алюминий, күшәла және кадмий секілді ауыр металлдар кездескен. Дегенмен металлдың құрамы шайды қанша уақыт қайнатқанға да байланысты. Егер шай қалташасы суда 15-17 минут тұрса құрамындағы ауыр металлдар екі есеге өседі екен. Сол үшін шай қалташасын небәрі 3 минут қайнатқан жөн.

Шай бауырға кері әсер етеді

Шөп шайы пирролизидиндік алкалоидтарды өзіне жиі жинайды. Бұл уыт бүкіл ағзаға, әсіресе бауырға зақым келтіреді. 2015 жылы Food Chemistry журналы сәбилерге, жүкті әйелдерге және емізетін аналарға арналған шайдың 86% алколоидтің кездесетінін анықтаған. Ересек адамға шайдың құрамындағы алколоид қауіпсіз болғанымен, сәбилерге зиян келтіре алады.

Шай ұйқысыздыққа алып келеді

Шайдың құрамындағы кофеин мен хош иісті заттектер ұйқысыздыққа ұшыратуы мүмкін. Сол себепті кешкі уақытта не ұйқы алдында шайдан бас тартқан абзал.

А. Рысдәулет