Ақтөбелік дәрігерлер қан қысымын өлшеуден Гиннес рекордтар кітабына енді

Ақтөбелік дәрігерлер қан қысымын өлшеуден Гиннес рекордтар кітабына енді

5 шілде күні ақтөбелік тұрғындар 500 дәрігердің қабылдауында болып, қан қысымдарын өлшеткен еді. Дәрігерлер 1 сағаттың ішінде 4 мыңнан астам адамның қан қысымын өлшеген. Дәл осы оқиға бүгін ресми түрде расталып, Гиннестің рекордтар кітабына енді.

Ақтөбе қаласындағы Денсаулық саябағына жиналған халыққа дәрігерлер қан қысымын өлшеуден бөлек, денсаулығына байланысты қажетті кеңес берген.  Дәрігердің қабылдауына кезекке тұрған адамдар куәліктерін тіркетіп, арнайы реттік нөмір арқылы қан қысымдарын өлшетті. Бүгінде Гиннестің рекордтар кітабына енген оқиғаны 80 бақылаушы қадағалап, бейнекамераға түсірген.

«Ақтөбе облысының дәрігерлері үшін бүгін ерекше күн. Гиннестің рекордын жаңартқаны туралы ақпарат ресми расталды. 5 шілде күні бір сағат ішінде 4270 адамның қан қысымы өлшенді. Әлемдік рекорд орнату үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасы сұраныс берді. Акция Денсаулық саябағында өтті. Осы арқылы біз қан қысымы дертіне назар аудартуды қаладық. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы сол уақытта қызмет еткен дәрігерлерге алғыс білдіреді»,- деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Қан қысымын өлшеу рекорды, осыған дейін 2015 жылы Үндістанда орнатылған еді. Бұл кезде үндістандық дәрігерлер 3600 адамға қызмет көрсеткен.

А. Қажиев