Буын ауруы

Буын ауруы
Фото: Доктор Еламед

Буындардың қисаюы – созылмалы буын ауруынан хабар береді. Статистика бойынша бұл аурумен ересек адамдардың 50% ауырады екен.  Тіпті арнайы тексеруден өткен адамдардың үштен бір бөлігі буындардың қатты ауырғанынан және олардың ісінуінен, қисаюынан зардап шеккенін айтып шағымданады екен. Ендеше буын ауруымен және  олардың белгілері  мен түрлеріне қанық бола отырыңыздар.

Буын ауруын медициналық терминде «артрит» деп аталады. Артрит – бір немесе бірнеше буындардың ауруы.  Сондықтан бір буын ауырса – моноартрит, бірнеше буын ауырса полиартрит деген диагноз қойылады. Артриттің адам ағзасында пайда болуының әртүрлі себептері бар. Ол 200-ден астам аурудың, мәселен, әртүрлі типті жұқпалар, ревматизм, подагра және туберкулездің салдары болуы мүмкін. Сол себепті медициналық тексеру жүргізу арқылы ғана ауруды нақты анықтауға болады.

Буын ауруының белгілері:

• Буындардың қозғалысы қиындайды;

• Қызу қимылдаған уақытта буындағы ауру қозады;

• Буындар іседі және қызарады;

• Температура көтеріліп, асқа тәбет жоғалады;

• Таңертең тұрғанда буындар қақсайды;

• Әлсіздік, дене салмағы азаяды;

• Бұлшық еттер ісініп, буындар қара, қызыл түске енеді.

Буын ауруының түрлері:

Жұқпалы артрит. Бұл буындардың "Staphylococcus aureus" немесе "Streptococcus" бактериялары н жұқтырғаннан пайда болады. Мәселен, дантисте тісті жұлғаннан кейін жұғуы мүмкін.

Реактивті артрит.  Ауру жедел түрде басталып, мынадай белгілері байқалады.  Әуелі буын қатты ауырып, әсіресе қимылдағанда ауырсыну күшейеді. Кейде ауырсыну денеге таралуы мүмкін. Ол кезде тіндердің ісінуі және саусақпен басып көргенде ауырсыну байқалады. Егер бұл буын ауру түрі тізенің қантамырларын зақымдаса, оны дер кезінде емдетіп, алдын алу қажет.

Травмалық артрит.  Буын ауруын дер кезінде емдетпей, ауру асқынып кетер болса, оның салдары адамға ауыр болады. Медициналық тәжірибеде артриттен алдын ала сақтануға және оны емдеп жазуға болады. Адам түрлі жарақаттар мен денеге түскен ауыр салмақтан буын ауруының осы түріне ұшырайды.

Дистрофиялық артрит.  Бұл дерт адамның организмінде қоректік заттар алмасуы бұзылса, нерв жүйесі зақымдалса және ішкі секреция бездері бұзылса пайда болады. Яғни артриттің бұл түрінде буындардағы қоректік заттар алмасуы және олардың тіршілік әрекеті бұзылады.

Инфекциялық артрит. Бұл тұмау, сүзек, баспа, туберкулез, сифилис, синусит, полионефрит, вирусты гептит және басқа да аурулардың буынға әсер етуінен болады.  Адам тұмау немесе сүзектен жазылып, ыстығым қалпына келді деп жүргенмен, апта өткен соң дене қызуы қайта көтеріліп, аяқ-қолы қайта ауыра бастаса, бұл дұрыс емделмеген тұмау мен сүзектің асқынып, буынға шапқан түрі.  Мұны дәрігерлер ревматизм ұстамасы дейді. Алайда буын ауруы басылғанымен ревматизмнен кейін жүрекке ақау түсуі мүмкін.

Аллергиялық артрит (полиартрит). Адам ағзасының өзге аллергендерге деген сезімталдығының жоғарылауынан болатын буын ауруы. Жануарлардың жүні, қылы, шөптердің тозаңдары, тағам мен дәрілік заттардың кей түрлері, т.б, ағзаға еніп кетсе адамда оған қарсы антидене пайда болады. Алғаш рет ағзаға түскен аллерген әсер туғызбауы мүмкін, алайда қайта түскен жағдайда ағзада пайда болған антидене мен аллерген бірігіп, буынға отырады да ауру туғызады. Бұл ауру балаларда және жасөспірімдерде жиі кездеседі. Себебі олардың аллергияға қарсы иммундық жүйесі ересек адамдармен салыстырғанда әлсіз келеді.

Созылмалы артрит. Бұл ауру түрінде буын сыздап ауырсынады, сықырлайды және қимыл шектеледі.Дене құрысып ауырады. Ауырсыну ұзаққа созылып, уақыт салып қайталана береді.

Ревматоидтық артрит.  Ұсақ буындардың зақымдануымен және буындардың деформациясымен сипатталады. Бұл артриттің бір жаман тұсы оның зақымдамайтын буыны қалмайды. Ең ұсақ буындардан (саусақ, жақ, башпай) бастап, ірі буындардың (тізе, ұршық, омыртқа) қай-қайсысын болса да күрделі өзгерістерге ұшыратады, сонымен қатар олардың қызметінің бұзылуына алып келеді.  Ұсақ уақытқа созылған аурудың буындары қисайып, жуандап өзгеріске ұшырайды немесе кейбір буындар ұясынан шығып, кейбірі тарылып қалады. Мұның соңы мүгедектікке алып келеді. Бұл дерттен көбінде жастар соның ішінде әйелдер көбірек ауырады. Бұл буын қауіптілігі сондай адамның бүкіл денесі ауырады, тамыр атаулының бәрі түгелдей қабынып кетеді. Мамандар аурудың дамуына тұқым қуалаушылықтың әсері бар екенін дәлелдеп отыр.

Буын ауруынан сақтану

Спортпен шұғылдану. Қимыл-қозғалысы аз адам мықты денсаулық жайында ойламаса да болады. Себебі ұзақ өмір сүру мен спорт бір-бірімен тығыз байланысты.

Дұрыс тамақтану. Тамақтану режимін дұрыс сақтау сіздің денсаулығыңыздың бір кепілі. Соның ішінде сүттен, көкөністен дайындалған тағамдардың пайдасы оразан зор. Ал ет пен ұннан пісірілген және тәтті тағамдарды аса көп тұтыну жақсылыққа алып бармайды. Сонымен қатар ішімдікке салыну буын ауруына оңай шалдықтырады.

Организмді шынықтыру. Ағзаны сәби шақтан ыстыққа да, суыққа да үйреткен дұрыс. Себебі мұндай адамдарды ауру оңай ала алмайды.

Артық салмақтан арылу.семіздік көптеген дертке шалдықтырады. Зияны сол, буынға түскен артық салмақ артрит ауруына алып келеді.

Н. Үсенова