Жүрегіңізге жүк түсірмеңіз

Жүрегіңізге жүк түсірмеңіз
Фото: intermountainhealthcare.org

Әлемде жыл сайын 15 млн адам жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болады. Тек Астана қаласында осы сырқаттың ауыр түрі бойынша есепке алынғандардың қатары 50 000-ға жуықтап қалды.

Жүрек-қан тамырлары ау­ру­ларының жиілеп кетуі ғаламдық мәселеге айналды. Сондықтан әр адам қан қысымын, қан құрамындағы холестерин мен қант деңгейін анықтауға мән бергені жөн. Өйткені күйгелектік, дұрыс тамақтанбау, ішімдік пен темекіге үйірсектік, қозғалыстың аз­дығы жүректің өзгеріске ұшырауына әкеледі. Бұл ауру­дың алғашқы белгілері – жүрек пен кеуде тұсының ауыр­сынуы мен шаншуы, тамыр соғысының жиі соғуы. Алайда адамдардың көбі оған уақытша жағдай деп қарайды да, мән бере бермейді екен. Егер тыныс алуыңыз қиындап, ентігу пайда болса немесе аяғыңызда ісік пайда болған жағдайда, дереу дәрігерге барған жөн.

Шын мәнінде, күтімі дұрыс жүректің қызметі 150 жылға дейін қауқарлы. Қазіргі таңда жұдырықтай жүрегіміз ерте үзілетін болды. Күллі әлемді алаңдатып отырған жүрек-қан тамырлары ауруларынан көз жұму көрсеткіші біздің елімізде де бірінші орында тұр.

Жүрек ауруына кінәлі – ең әуелі азаматтардың өзі. Ішімдік пен темекі, күйзеліс, дұрыс тамақтанбау, бір орында қозғалмау – бәрі жүрекке салмақ түсіреді. Сөйтіп, ағза­мыздағы қан айналымы өзгеріске ұшырайды. Шектен тыс семiру де жүректiң дұрыс жұмыс істемеуіне әкеледі. Сондықтан салауатты өмір салтын сақтап, тамақтану мәдениетін меңгерген жөн.

Жүрек-қан тамырлары ауруын емдеу екі бағытта жүзеге асады. Біріншісі – алғашқы көмек көрсету болса, екіншісі – аурудың алдын алу. Ол бойынша халық арасында жүрек-қан тамырлары ауруына себеп болатын факторлардың деңгейін төмендету және ауруға шал­дыққан науқастардың жағ­дайын тұрақты бақылауда ұстау. Яғни, аурудың одан әрі дендеп кетуіне жол бермеу маңызды.

Жүрек-қан тамырлары ау­руының ең басты факторлары

Шылым шегу. Оның қан­шалықты зиян екенін елдің бәрі біледі. Ал қойғаннан кейінгі пайдасы өте көп. Мәселен, темекі шекпесеңіз, 20 минуттан кейін артериялық қан қысым төмендеп, тамыр соғысы қалпына келеді. Бір күннен кейін жүрек ұстамасы қаупі төмендейді. Ал 12 аптадан кейін қан қысымы жақсарады. Бір жылдан кейін ишемиялық жүрек ауруымен келетін қауіп екі есеге төмендейді.

Холестерин. Қан құрамында холестериннің көбейгені дұрыс емес. Бұл түбінде коро­нарлық артерияға әкеледі. Аурудың алдын алу үшін майлы тағам­дардан бас тартқан жөн.

Қан қысымы. Қан қысымы­ның жоғарылауының 27% коронарлық артериялардың ишемиялық ауруларына, 42% инсультқа әкеледі. Сол үшін артық салмақтан арылып, салауатты өмір салтын ұстанған дұрыс. Ащы, тұзды, майлы тағамдарды жемей, есесіне табиғи өнімдерді тұтынған пайдалы.

Дереккөз: astana-akshamy.kz

Н. Үсенова