Биологиялық жасыңыз нешеде?

Биологиялық жасыңыз нешеде?

«Сіздің жасыңыз қаншада?» деген сұрақ қарапайым көрінгенімен, кейбіреуге бұл сұрақ оңай тие бермесі айқын. Әсіресе әйел адамдар осы сұрақтың қойылмағанын қатты қалайды. Кейде абайсызда қойылып қалса, кешірім сұрап жататыны да сондықтан. «Қыздың жасын сұрамайды, қыздың жасы он сегізде» деуіміз де тегін емес. Кейде адамның биологиялық жасы мен төлқұжатта көрсетілген шын жасы бір-бірімен сәйкес келе бермейді.  Американдық  қарт ғалым кісі (64 жасында 40 жастағы кісідей көрінген) өзінің биологиялық жасын білгісі келетіндерге мына 4 тестті ұсынады. Сіздер де байқап көрер деген ниетпен жариялап отырмыз.

  • Сызғыш арқылы анықтау. Біреу сіздің алдыңыздан 50 сантиметрлік сызғышты алғашқы өлшемінен бастап  ұстап тұруы керек. Бір уақытта оны босатады, ал сіздің осы кездегі тапсырмаңыз – түсіп бара жатқан сызғышты үлкен сұқ саусақпен ұстап алу. Жас адамдар, шамамен, сызғыштың 25-30 сантиметрінен ұстап алcа, қартаң тартқан жандар 15 деген цифрден ұстап алуға ғана қауқары жетеді екен.
  • «Қысу» тесті. Бұл тест сіздің теріңіздің жасын анықтауға көмектеседі. Үлкен сұқ саусақпен алақанның сырт жағынан қысып, созған күйі 5 секунд шамасында ұстап тұру қажет. Теріңізді босатқаннан соң, оның ізі қанша уақытқа дейін сақталғанына көз жіберіңіз. Жастарда бұл процесс тек 5 секундқа ғана созылады да, қайта тез қалпына келе қалады. Ал қартаң тартқан адамдарда 30-50 секундқа дейін тұрады.
  • «Ләйлек күйі» тесті. Ол үшін сіз көзіңізді тарс жұмып алып, қолыңызды жаныңызға ұстап, тек бір аяқпен ғана ұзақ тұруыңыз керек. Ұзақ болғанда да, әрине, шамаңыздың келгенінше осы күйіңізді сақтап тұруға тырысыңыз. Бұл тест арқылы сіз өзіңіздің тепе-теңдік қалпыңызды қалай сақтай алатыныңызға көз жеткізесіз. Жас адамдар осы күйде 30 секундтан көп уақытта тұра алса, қартаң тартқан жандар тек 5 секундқа ғана әрең шамалары жетеді.
  • Газет арқылы анықтау. Бұл тест арқылы сіз өзіңіздің көз көру қабілетіңізді тексере аласыз. 21 жастағы адам газеттегі жазуды 10 сантиметр қашықтықта оқи алады. Көз көру қабілетін анықтау үшін газетті өзіңізден алшақтата беріңіз. Осы арқылы адамдардың көзінің қаншалықты деңгейде көретінін оңай анықтауға болады.

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: udoktora.net

А. Әбілхан