Көзілдіріктен линза артық. Неге?

Көзілдіріктен линза артық. Неге?
Фото: shkolazhizni.ru

Көзі алыстан бұлдырап көретін адамдардың көпшілігін көзілдірік жақсы ма әлде линза таққан артық па деген сұрақ мазалайды. Линза тағу қорқынышты емес пе, қаншалықты қауіпті деп те ойлайды. Оны көзге салу алғашында 2-3 күн қиындық туғызуы мүмкін, кейін үйренісіп алған соң, 1-2 минутта еш қиындықсыз тағып аласыз. Ал ұқыппен, күтіп кисеңіз, еш қауіп туғызбайды. Оның көзілдіріктен қандай артықшылықтары бар?

Линзамен жақсырақ көрінеді

Көзілдірік кигенде көз бен әйнек аралығында айтарлықтай қашықтық болады. Ал линзаны көзге кигенде көру аппараты мен қарашықтың арасында ауа да болмайды, сол себептен көзәйнекке қарағанда линза бейнені анығырақ етіп көрсетеді. Линза көзілдірік секілді шаң жинамайды, бетіне сызық түспейді, сәл микроб түскен жағдайда арнайы сұйықтығымен бірден тазалап алуға болады.

Линза қарауға, қозғалуға кедергі келтірмейді

Көзілдірікпен кейбір сопрт түрлерімен айналыса алмайсыз. Жатқан кезде де орнынан жылжып, жүйкеңізге тиеді. Ал линза су спортынан басқаларының барлығында орнында бар-жоғы білінбей, еш кедергісін тигізбейді. Бассейнде, көлде ғана көзге арнайы судан қорғайтын көзілдірік киюге болады.

Экрандардың зиянынан қорғайды

Қазір өміріміздің жартысынан көбін экранға, телефонға, смартфонға, жоқ дегенде теледидарға телмірумен өткіземіз. Мұның барлығы көзге зиян, көру қабілетін одан сайын кеміте түседі, бас ауырады. Көзілдірік бұл олқылыққа қарсы тұра алмайды. Ал кейбір линзалар арнайы экран зиянынан көз қарашығын қорғау үшін жаралған.

Линза көзді сорып тастаудан аулақ

Жұмыс уақытында не басқа да жағдайлармен компьютер алдында ұзақ отырсақ, көз қызарып, талып, қабынып кетеді. Көзді жыпылықтатып, қозғалтып, жаттығу жасамасақ, соңы ауруға алып келуі ғажап емес. Ал линзаның сапалы түрін таңдасаңыз бұл қиындықтан да алып қалады. Ал көзәйнек жай ғана күн сәулесі көп түскенінен көзді сорып, нұрын құртып тастауы мүмкін.

Линзамен көз жұмыс істейді

Көзілідірік тағып алсаңыз, жаныңыздағы адамға бұрылып қарауыңыз керек. Одан көз қарашығы қозғалыссыз тұрып, жұмысы нашарлайды деуге болады. Ал линза кигенде қасыңызда біреу сөйлесе, оған бұрылмай-ақ көз қиығымен қарасаңыз да көрінеді.

Контактілі линза кез келген адамға үйлеседі

Көзілдірік киетін болсаңыз, одан өзіңіздің бетіңізге сәйкес келетін, келбетіңізге жарасатын түрін жақсылап таңдауыңыз қажет. Ал линза кигеніңізді көзіңізге тіке анықтап қарамаған адамдар байқай бермейді. Көзіңізде ақау барынан қысылатын болсаңыз да, көзілдірігіңіз түріңізге үйлеспейтін болса да, бұл қиындықтан линза алып шығады.

@. @assel_assanova