Тәуелсіздіктің 25 жылдығына «25 қайырымды іс» акциясы

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына «25 қайырымды іс» акциясы
Фото: Ақпарат комитеті

Астанада Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы мен Республикалық диагностикалық орталығының дәрігерлері 700-ден астам баланы қабылдап, кеңес берді.

2016 жылы 7 желтоқсанда «University Medical Center» корпоративтік қорында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы шеңберінде «25 қайырымды іс» акциясы өткізілді.

Аталған іс-шара балаларға сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалымен бірлесіп өткізілді.

Акция шеңберінде «University Medical Center» корпоративтік қорының филиалдары – Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы және Республикалық диагностикалық орталықтың 14 түрлі бейіндегі 30-дан астам маманы: педиатр, хирург, ортопед, уролог, гепатолог, кардиолог, пульмонолог, нефролог, эндокринолог, гастроэнтеролог, невропатолог дәрігерлер қабылдауға келген балаларды қарап, кеңес берді.

Зерттеу нәтижесінде балалардың біраз бөлігі қосымша тереңдетілген диагностикалық зерттеуге бағытталды. Стационарлық емге мұқтаж балаларға жоспарлы ем алуға кеңес берілді. Тексерілген балалардың арасынан сырқаты күрделі балалар іріктеп алынды. Оларға 2017 жылы қаңтар-ақпан айларында «University Medical Center» корпоративтік қорының филиалы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында тегін медициналық көмек көрсетуге, оталар жасауға келісім берді.

«UMC» PR-қызметі

А. Оралқызы