Атырау халқы медициналық карта ұстамайтын болады

Атырау халқы медициналық карта ұстамайтын болады
Фото: Еркебулан Сатканбаев

Бүгін Атырау облысында жергілікті «Атырау Инвест 2016» инвестициялық форумы өтті. Жиынға Қазақстан мен шет елдерден келген кәсіпкерлер жиналып, бизнес саласындағы түйткілді мәселелерді талқылады. Форум кезінде жас кәсіпкер Жанғалиев Біржан аймақта электрондық медициналық карта жүйесін енгізу жобасын ұсынды.

“Денсаулық сақтау орындарында электрондық медициналық карта енгізу туралы жобамды ұсынамын. Бұған 750 миллион теңге жұмсауды талап етеді. Осы жобамды Атырау облысында жүзеге асыруға бола ма?”, - деп сұрады кәсіпкер.

Аймақ басшысы қарапайым халықтың жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстардың назардан тыс қалмайтынын айтты.

“Бұл кәсіпкердің халықтың күнделікті қолданып жүрген медициналық картасын электрондық форматқа ауыстыру жобасын ұсынып отыр. Осының арқасында емделуші өзімен бірге қағаз арқалап жүрмейді. Дәрігер оның аты-жөні арқылы оның денсаулығының тарихын электрондық базадан тауып алады. Бұл өте ыңғайлы жүйе. Өкінішке орай, қағазбастылық көрсетілетін қызметтің сапасына кері әсер етеді. Сіз айтып отырған жүйе медициналық қызмет сапасының өсуіне оң ықпал етеді”, - деді Нұрлан Ноғаев.

Жас кәсіпкердің айтуынша, бұл жоба Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарында іске қосылып үлгерген. Қазіргі таңда Ақтөбе облысында кірістіріліп жатыр.

Айта кетелік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Қазақстанда Денсаулық паспорты енгізілетінін айтқан еді.

Ж. Жұмағұлов