Тамақтануға сай емес 5 жер

Тамақтануға сай емес 5 жер

Күнделікті уақытыңыздың тығыздығы сонша, дұрыстап отырып тамақтану - сирек жайт болды ма? "Адамша" тамақ ішу сізге арман болса, оның салдарын біліп жүргеніңіз дұрыс. Диетолог мамандардың айтуынша, көрінген жерде тамақтану артық салмақтың артуына себеп болады. Олай болмасын десеңіз, мына жерлерде тамақ ішуді доғарыңыз.

Көлікте

Көлікте тамақтанатын адам асығыс екені белгілі. "Асыққан шайтанның ісі" демекші, бұндай кездері біз пайдалы емес, фастфудты таңдап, жолға алаңдап, тамақтануға назар аудармай, қанша жеп қойғанымызды да қадағалай алмаймыз. Сондай-ақ көлік айдап отырып тамақтану қауіпті болуы да мүмкін.

Ас үйде тұрып

Тоңазытқыштың есігін ашып қойып тамақтану - міне нағыз ессіздік. Тұрып тұрған адамға былайша айтқанда көбірек сыяды. Шынында, отырып тамақтанған кісі тойғанын тезірек байқап, артық жеп қоюдан өзіне тосқауыл қояды. Ал тоңазытқыштағы бар нәрсені көре тұра, оны қалайша жемей кетесіз?

Теледидар алдында

Теледидар - заманның дерті. Қазіргі жарнамалар тәбетіңді келтіріп, қарныңды аштыртады. Дәленденген - теледидар алдында тамақтанған кісі 40%-ға артық калорий жеп қояды. Ал егер жұмсақ диванда отырып тамақтанғанды ұнатсаңыз, теледидарды бұл рәсімге қоспағаныңыз дұрыс.

Кеңседегі жұмыс орнында

Жұмыс үстеліңізде отырып жеңіл-желпі тамақтанғанда сіз басқа заттарға алаңдап, тамақтануға мүлдем көңіл бөлмейсіз. Миыңыз желінген тамақтың мөлшерін білмей, тойғаныңыз жайлы белгіні кешігіп береді. Жұмыстағы түскі ас асхана, ас бөлмесінде өтуі тиіс. Ал жеңіл тіскебасарларды шайнап отыруды мүлдем доғарған дұрыс.

Төсекте

Ауырып қалу, депрессия, шаршау не жай еріншектік төсекке тамақ тасуға тұрарлық себептер емес. Төсекте тамақтанғанда сіз тамаққа назар аудармай, мөлшерін байқамай қаласыз. Төсекті кірлетіп алу мүмкіндігі де бар.

Ендеше еріншектік пен асығыстыққа берілмей, көптен көрмеген ас үйдегі үстелдің үстіне жайғасып, пайдалы тамақтан жеңіз.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: znayukakpohudet.ru

С. А