Жарық диодты көше шамдары денсаулыққа зиян

Жарық диодты көше шамдары денсаулыққа зиян
Фото: inform.kz

Американың медицина қауымдастығы (АМҚ) жарық диодты көше шамдары денсаулыққа кері әсер етеді деген тұжырым жасады.

АМҚ мамандары соңғы 10 жылда шыққан жарықтың ағзаға әсері тақырыбындағы еңбектердің барлығын сараптап шыққан. Олар қолданыста көп кездесетін көк және жасыл спектрлі жарық шығаратын жарық диодты шамдардың қуатты жарық ластаушы екендігін анықтаған.

Атап айтар болсақ, коррелдік түстің температурасы 4000К қалыпты көше шамында көк түстің көлемі 29 пайыз әрі ол өткір ақ түс ретінде қабылданады. Оның қанықтылығы көзге жайсыз, оны шаршатады, шағылыстыру эффектісі салдарынан заттарды қабылдауды төмендетеді, сондай-ақ көз торшасына зақым келтіреді.

Тұтастай алғанда ондай шам денсаулыққа кері әсер етеді, әрі түнгі жануарларды бағытынан жаңылыстырып оларға да залал келтіреді. АМҚ өкілдері төзімділігі мен экономикалық тиімділігіне орай жарық диодты шамдар кеңінен қолданылуда екендігін алға тарта отырып, ол жаңа стандартқа айналатындығын атап өткен. Сондықтан олар коррелдік түстің температурасы 3000К-дан аспайтын шамдарды қолдануды ұсынады. Олардың жарығы да ақ түсті, алайда көк сәуле спектрі аз әрі 4000К шамнан тиімділігі 3 пайызға кем. 

Дереккөз: inform.kz

Е. Жұмабайұлы