Қалай салмақ көбейтуге болады?

Қалай салмақ көбейтуге болады?

Біз көбіне нәзік жандылардың ортақ бас қатыратын мәселесін білеміз. Ол – «Қалай арықтасам болады?» деген күні-түні жанға тыным бермейтін шексіз ойлар. Әрине, барлық әйел адамдар тартымды денелі, талдырмаш ару болғысы келеді. Бірақ бұл бәрінің бірдей басына қона бермейтін «бақ»... Сіз құрбыңыздың, не басқа да жақыныңыздың аузынан «Қалай семірсем болады?» деген уайымға толы сұрағын естігенсіз бе? Иә, естіген боларсыз. Тек көп емес! «Қалай арықтасам екен?» деген сұрақтың шаңына да ілесе алмайды бұл мәселе. Сонда да жан-жағыңызға қараңыз, айнала толған толық денелі қыздар емес, болмаса, көз алдымызда тек  90х60х90 өлшеміндегі арулар ғана жүрген жоқ. Өзін арық санайтын, сәл болса да салмақ арттырғысы келетін арулар да жетіп жатыр. Ендеше, біздің бүгінгі тақырыбымыз денесінің бітімін қалыпты болғанын қалап, салмақ қосудың жолын іздеп жүрген жандарға арналады.

Арық қыздар неге аз болса да салмақ қосқысы келеді?

Олар өздері қалаған сәндегі кез келген киімді іліп киіп кете беретіндей формада жүргісі келеді. Салмағы аз қыздар қалағанын кие алмауы түсінікті. Кисе де, өзін-өзі сыртқы ортада ыңғайсыз сезініп, «жараспай тұрған болар» деген оймен тағы басы қатады. Сонымен қатар, аздап болса да салмақ қосып өз дене бітіміне өзге түгілі өзінің көзі тоятындай қалыпты аңсайды. Жағажайларда немесе су бассейндерінде демалғанда ұялмастан суға түскенде киетін киіммен еркін жүруді қалайды. «Сырт көз мені аяп, анорексиямен ауырады деп ойлап қала ма екен» деп қынжылады.

Қалай толсам болады?

Энергетикалық теңгерімге сай (Энергия тұтыну – энергия шығару = энергия запасының өзгеруі) салмақ қосу үшін энергия жұмсаудан бұрын көп мөлшерде калория тұтыну керек. Егер күніне 500 ккал мөлшерден көп калория тұтынсаңыз, бір аптада  450-500 г (Көбіне арық адамдар үнемі энергия тапшылықта өмір сүреді де, оларға калорияны бұл мөлшерден де көп тұтынуына тура келеді) салмақ қосуға болады. Сонымен қатар, күнделікті ішіп жүрген асыңыздың көлемін көбейтіп, жеңіл сусындардан жоғарыкалориялы сусындарға ауысқаныңыз жөн. Мысалы сыра ішудің орнына минералды сусын, ал газды судың орнына шәй ішкеніңіз дұрыс. Онымен қоса, тамақ үстеліңізден майға қуырылған картоп пен тоқаш түспесін. Сол арқылы сіз калорияңыздың артуына өзіңіз-ақ жағдай жасайсыз.

Салмақ қосу мен калория арттырудың тағы бір жолы – көмірсулы тағамдарды ұн, қант, ақ күріш секілді өнімдермен қоса қолдану. Инсулиннің жоғары деңгейі майдағы энергияның өсу эффектісін жоғарылатады. Осындай деңгей айырмасы пайда болған жағдайда қандағы қанттың үлесі тезірек тағам қабылдағысы келіп, аштық «шақыра» бастайды.

Еш кеңес әсер етпеді дегенде...

Онда... Онда қимылдау белсенділігін қысқарту арқылы да салмақ қосуға болады. Мысалы, жаттығуды доғарған спротшы тез арада салмақ қосып, толып кетеді. Себебі мұндай жағдайда ол сыртқа энергия шығаруды азайтады да, бұлшық ет тіні семіп қалады. Көп қимылдап, сыртқа көп мөлшерде энергия шығаратын адамдардың салмақ қосуы сирек құбылыс. Сондықтан да қара жұмыспен айналысқан адамдар көбіне арық көрінеді. Сізге расымен де тез арада толу керек болса, амал жоқ, осы жолды таңдаңыз. Ол үшін сіз сыртқы ортаға көп күш жұмсамай, күні бойы теледидардың басқышын қолыңызға аласыз да, төсектен бас көтермей жатасыз!

Бірақ бұл жол сізді еріншектікке жетелейтіні анық. Сондықтан шамаңыз келгенше, дұрыс тамақтану мен уақытылы тамақ тәртібін бұзбай салмақ қосуыңызға тілектеспіз!

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: velvet.by, subscribe.ru, rostkilo.ru

А. Әбілхан