Бас сүйек қысымы (черепное давление) туралы

Бас сүйек қысымы (черепное давление) туралы
Фото: www.magicworld.su

Шаршағаннан, күйзелістен, уайымдаудан және басқа да көптеген факторлар әсерінен дені сау адамдардың да басы ауырады. Егер де бас ауруы жиі мазалайтын болса, онда немқұрайлық танытпай, себебін анықтағаныңыз жөн. Дәрігерге көрініп, бас сүйек қысымыңызды (черепное давление) өлшетіңіз. Себебі бұл қауіпті аурулар қатарына кіреді. Назарларыңызға аурудың негізгі белгілері, ем-дәм жолдары жайында ақпарат ұсынамыз.

Аурудың негізгі белгілері
Бас сүйегінің қысымы көтерілгенде, әсіресе, таңертеңгі уақытта бас ауырады және жүрек айниды, құсады, көп терлейді, қан қысымы тұрақтамайды, жүрек соғуы жиілейді. Бас сүйек қысымының көтерілу белгілері көбінесе ауа райының қысымы өзгергенде және ауа райы құбылғанда байқалады. Ал бас сүйегі қысымы төмендеген науқастардың ұйқысы келіп, жүрегі айниды, тез ашуланады және басы айналып тұрғандай сезімде болады.

Дерттің пайда болу себебін анықтау үшін, алдымен ми мен жұлынның ішкі құрылысы қызметін анықтап алу қажет. Әр адамның өзіне тән бас сүйек қысымы болады және оны адам денсаулығы мен жұлынның қысымына байланысты анықтайды. Сонымен қатар, бас сүйекшілік қысым бас сүйегінің жарақат алуынан, жұқпалы аурулармен ауырғаннан және ана құрсағында жатқан кездегі жағымсыз жағдайлардың әсерінен пайда болады. Туа біткен бас сүйек қысымын дер кезінде емдеген дұрыс. Мұндай диагнозбен туған балалар ауа райы құбылғанда жылап, мазасызданады. 

Қысымды емдеу барысында мынадай халық еміне жүгінуге болады. Бас сүйек қысымы төмендегенде камфор майы мен спиртті бірдей мөлшерде араластырып басыңызға жағып, үстінен целлофан қалташаны киіп, сүлгі немесе орамалмен ораңыз. Артынан басыңызды жуыңыз. Бұл емді ұйқыға жатар алдында жасаған тиімді. Емнің әсерін байқау үшін кемінде 10-15 компресс жасаған дұрыс. Сонымен қатар, бұл емнің шаштағы қайызғақ кетуіне де әсері бар.

Түрлі тұнбалармен де емделуге болады.

1. Бассүйекшілік қысым төмендегенде шүйгіншөп (валериана), сасықшөп (пустырник), долана (боярышник), эквалипт пен жалбызды қара түсті шыны ыдысқа салып, үстіне спирт құйып, қақпағын жауып екі апта тұндырыңыз. Арасында шайқап тұрыңыз. Дайын болған кезде сүзіп алып, қантқа тамызып пайдаланыңыз. Бұл тұнбаны үзбей қолданғанда қанайналым жақсарып, бас сүйегі қысымы қалпына келеді. Сонымен қатар, тұнбаның ауру тудыратын бактерияларды өлтіріп, қатерлі ісікке қарсы тұратын қасиеті де бар.

2. Мұрынға ерітілген сары майды тамызуға да болады. Бұл емді күніне 5  рет қабылдаған дұрыс. Итмұрын майы мен балауызды, балды тамызуға да болады.

3. Ірі 3 лимонды қабығымен және 3 балғын сарымсақты еттартқыштан өткізіп, 2 литрлік банкіге салып, үстіне 1 литр қайнаған су құйыңыз. Банкінің бетін жақсылап жауып, қараңғы жерге  24 сағатқа қойыңыз. Сосын үш қабатталған дәкемен сүзіп, таңертеңгі астың адында 2 ас қасықтан ішіп тұру керек. Дәріні тоңазытқышта сақтаған жөн.

4. Бұл ем балалар үшін дайындалады. 1 ас қасық кептірілген лаванда шөбіне 1 стақан қайнаған су құйып, 30 минут баяу отта бұқтырыңыз. Дайын болған соң суытып, тұндырып, балаға күніне таңертең және кешке тамақтан кейін 1 ас қасықтан ішкізіңіз. Емді қабылдау мерзімі  1 ай. Арада 14 күн үзіліс жасап, қажет болған жағдайда қайта жалғастыруға болады.

Ескерту

Халық емін қолданарда тұнбалар мен қайнатпаларды дайындау ережесі мен ішетін мөлшерін сақтаған жөн. Кез келген емді дәрігердің қадағалауымен жасау керегін ұмытпаңыздар.

Н. Үсенова