Балалардағы ұйқы безінің қабынуы

Балалардағы ұйқы безінің қабынуы
Фото: shopingjuliya.ru

Панкреатит — бұл ұйқы безінің панкреатикалық ферменттерінің әсерінен бактериалды емес қабынуы. Балалар бұл дертке шалдыққанда тәбеті жойылып, салмағын жоғалтады және тұрақсыз нәжіс мазалайды. Мұндай кезде диеталық тағамдарды үзбей пайдалану дерттен ертерек айығуға көмектеседі. Бұл жағдайда балаларға қандай тағамдарды жеген дұрыс? Тізімге назар аударайық.

1. 3-7 жас аралығындағы балалардың жейтін ботқа мен көкөністер көлемі 130-170 гр болуы тиіс;

2. Еттің (сиыр, тауық, үндік) майсыз болғаны дұрыс. Балықтан сазан, көксерке, нәлім пайдалы;

3. Итмұрын қайнатпасы, кисель, үй жағдайында дайындалған шырындар ішкен дұрыс;

4. Жұмыртқаның жартылай піскені дұрыс (толық піскені болмайды).

5. Бұл дертпен ауыратындар өсімдік майын пайдалануға болмайды. Ботқа дайындағанда 1/3 шай қасық сары майды араластырып береді;

6. Жарма ұнтағын, сұлы, қарақұмық, күріш ботқасын жеуге болады, ал тары жармасын бермеген дұрыс;

7. Арпа жармасынан дайындалған сорпа өте пайдалы. 2-3 литр салқын суға арпа жармасын салып, 3-4 сағат қайнатады. Оған көкөністер қоссаңыз болады;

8. Жылдың қай мезгілі болса да тамағына балғын аскөктің шырынын қосып берген жақсы;

9. Панкреатит кезінде балаға ыстық шай, кофе, какао, шоколад бермеңіз. Сонымен қатар, газдалған сусын, балмұздақ, салқын тұзды, ащы тағамдар және шұжықтан да аулақ болғаны жөн;

10. Сәбіз шырыны, асқабақ, тәтті бұрыш, алмұрт, алма пайдалы жемістер.

11. Картоп, қызылша, жасыл бұршақ, үрмебұршақты қайнатып беріңіз;

12. Тәттіге құмар балаларды мұндай кезде құмарын басу әсте мүмкін емес. Кептірілген нан, құрғақ вафли, зефир, мармелад кәмпиттерді жеуге рұқсат бере аласыз. Алайда бал мен тосаптан бас тартуына тура келеді;

Диетолог мамандар бұл дерт кезінде ересектерге мына 4 тағамның нәтижелі ем беретінін айтады. Олар:

1. Йогурт пен айран құрамындағы тірі бактериялар ішектегі тепе-теңдікті реттеп, иммундық жүйеге әсер етеді. Мұның әсерінен қабыну жағдайлары төмендейді;

2. Етсіз, көкөністерден дайындалған сорпа пайдасы айтарлықтай зор. Әсіресе қызанақ пастасы қосылған сорпа құрамындағы антиоксиданттар ұйқы безінің клеткаларын қорғайды;

3. Саумалдықты салаттарға қосып, көбірек жеңіз. Себебі ұйқы безі қабынғанда ағзаға В дәрумені қажет;

4. Қызыл шарап немесе қызыл жүзім құрамында ресвератрол атты қатерлі ісікке қарсы тұра алатын, қабынудан сақтайтын зат бар.

Н. Үсенова