Пиелонефрит жайында не білесіз?

Пиелонефрит жайында не білесіз?
Фото: bezinsulina.ru

Пиелонефрит – жағымсыз жағдайлар кезінде микроорганиздерден туатын бүйрек сырқаты (бүйрек қабынуы). Бұл аурудың қауіптілігі оның көбіне еш белгі бермей өтуінде. Сондықтан сырқат адам өзін жақсы сезінеді, бүйрегі мазаласа да оған аса мән бермейді. Назарларыңызға ауру және оның белгісі, емі жайында ақпарат ұсынамыз. 

Ағымы жөнінен пиелонефрит жіті және созылмалы болып бөлінеді.

Жіті бүйрек қабынуы аяқасты басталады. Дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі. Әлсіздік, бас ауруы, қатты тершеңдік болады. Сонымен қатар сырқаттың лоқсуы және құсуы мүмкін. Дене қызуымен бірге бел аумағы ауырады. Егер сыздап ауырса, ол аурудың қарқындылығы әр түрлі болады. Сырқаттың жеңіл түрінде несептің шығуы бұзылмайды. Алғашқы күндері қанда азотты қалдықтар көбеюі мүмкін. Несепте ірің, эритроциттер, ақуыз, көптеген бактериялар, пастренацкий белгісі әдетте оң болады.

Созылмалы пиелонефрит – көп ретте соңына дейін емделмеген жіті пиелонефриттің салдары. Ол көбіне несепті зерттегенде немесе қан қысымын тексергенде анықталады. Науқас адам әлсіздікке, бастың ауруына, тәбеттің жоғалуына, кіші дәретке жиі отыруына байланысты шағымданады. Суық әрі ылғал ауа райында бел аумағы сыздап ауырады. Ауру асқынғанда несептің үлестік мөлшері азайып, гипертония дамиды. Екі жақты пиелонефриттің асқынуы бүйрек қызметінің нашарлауына соқтырады.

Себептері. Бұл сырқатпен кез келген адам ауыруы мүмкін. Бірақ ол көбіне 7 жасқа дейінгі балаларда, 18-30 жастағы қыздар мен әйелдерде, қартаң тартқан ер адамдарда кездеседі. Ауру туындауына балалардың анатомиялық ерекшеліктері, қыз балалардың жыныстық өмірді бастауы, әйелдердің жүктілігі мен босануы, ер адамдарда қуықасты безінің қабынуы ықпал етеді. Сонымен қатар пиелонефритке несеп жолына тас байлану, жалпы иммунитеттің төмендеуі, қантты диабет, созылмалы қабыну сырқаттары да, бүйректе тұз немесе тастардың болуы да себеп. Сондықтан олардың алдын алу өте маңызды.

Анықтау. Бүйрек қабынуын анықтау қиын емес. Несеп талдауы жасалып, бактериялар, лейкоциттер мен ақуыздың артуы анықталады. Аурудың шағымдары, басынан өткізген сырқаттары да маңызды. Рентгенограмма, УДЗ жасалады.

Емі. Біріншілік пиелонефрит кезінде көбіне консервативтік ем жүргізіледі. Науқас ауруханаға жатқызылады. Негізгі ем антибиотикпен, химиялық бактерияға қарсы дәрілермен жүргізіледі. Созылмалы бүйрек қабынуы кезінде ем осыған ұқсас, бірақ ұзағырақ. Ауру басылғанда бактерияға қарсы емді ара-тұра жасап тұру керек. Бүйрегі ауыратын адамдарға шипажайларда емделген жақсы. Сонымен қатар бүйрек ауруына шөптер тұнбасын ішкен тиімді.

Н. Үсенова