Менің қолымнан келеді

Менің қолымнан келеді
Фото: Руслан Қанатбеков

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аясында қатерлі ісікпен бүкіләлемдік күрес күніне орай ұйымдастырылған ашық есік күні шеңберінде Қазақ онкология және радиология ҒЗИ бірнеше әлеуметтік шараны қатар өткізді.

4-ақпан – қатерлі ісікпен бүкіләлемдік күрес күні. Биыл бұл әлемдік күрес «Біздің қолымыздан келеді», «Менің қолымнан келеді!» деген ұстаным аясында өтіп жатыр. Жалпы қатерлі ісіктің алдын алу, науқастардың болашаққа деген сенімін нығайту көзделіп отыр. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі бұл датаға орай жасалған арнайы бағдарламасында халықты ақпараттандыруға баса көңіл бөлді.

Осыған орай Қазақ онкология ғылыми-зерттеу институты мамандары журналистерді 2015 жылдың соңғы онкологиялық есебімен таныcтырды.

«Қатерлі ісікке шалдығу ықтималдығы Солтүстік, Шығыс Қазақстанда басым. Ал оңтүстік өңірлерде көрсеткіш төмен. Оған экологиялық факторлар әсер етеді. Бірақ, қазір скрининг бағдарламалары өз нәтижесін беріп жатыр. Мәселен, биыл скрининг арқылы қатерлі ісіктің алғашқы сатысында анықталған жағдайлар 57 пайызға көбейді, ал соңғы 3-4 сатысында белгілі болғандары – 8%. Жыл санап скринингке келетіндер саны артып келеді», - деді Қазақ онкология және радиология ҒЗИ директор орынбасары Дәулет Байпаисов.

Бұдан бөлек институтта жаңадан енгізілген call-орталық туралы кеңінен ақпарат берілді. Тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейтін call-орталық қызметкерлері науқастардың жақындары мен емделушілерге кез келген сұраққа байланысты қажет ақпаратты береді. Жиыннан соң журналистер жаңа бағдарламаны тәжірибеден өткізіп көрді.

Сонымен қатар институтта жұмыс істеп тұрған «Белсенді науқас» жобасы да журналистердің қызығушылығын туғызды.

«Белсенді науқас» жобасы – тұрғындардың арыз-тілектерін электронды түрде жеткізу жолы, институт басшылығымен байланыс. Яғни, ем-шара ұнамаса немесе өзге тілектері болса, сол туралы жазып, институт басшылығын хабардар ете алады. Бұл жаңа жүйенің бір ерекшелігі, мұнда аты-жөні жоқ адамдардың арыз-өтініштері қабылданбайды. Институт қызметкерлері: «Мамандар жұмысына арызданушы науқастың ары қарай ем-домы қалыпты жүреді, ешқандай қысым көрсетілмейді. Оған кепілдік береміз», - деді өз сөзінде.

Басқосудың соңында ауыр сырқатты жеңген балалардың тағдыры туралы "Я буду поливать тебя, мой цветочек" деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Бұл туындының режиссері – Р. Казарян да жиынға қатысты.

Елімізде онкологиялық аурулар өлім-жітім көрсеткіші бойынша екінші орында тұр. Қазақ онкология және радиология ҒЗИ берген дерек бойынша, 2015 жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 207,8-ге, ал өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 89,9-ға тең болды. 2015 жылы онкоаурулар арасында тері, кеуде, өкпе мен асқазан қатерлі ісіктері асқына түскен. Рактың жыл санап көптеп анықталуы скрининг бағдарламалары арқылы жүзеге асып жатыр.

Айта кетсек, 2016 жылдың 1-10 ақпан аралығында Қазақ онкология және радиология ҒЗИ барлық тұрғын үшін қатерлі ісік скринингінің 6 түрі бойынша тегін тексеру өткізеді. Пресс-конференция кезінде журналистер ашық есік күніне қатысты толық ақпарат алды. Сонымен қатар, БАҚ қызметкерлері үшін тегін әрі кезексіз онкологиялық аурулардың алдын алу мақсатындағы тексеру ұйымдастырылды.

Ал Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мәліметі бойынша, онкологиялық аурулар өлім-жітім көрсеткіші бойынша екінші орында тұр. Жыл сайын 17 000 адам қатерлі дерттің себебінен көз жұмады. Ал олардың 42 пайызы – еңбекке жарамды жастағылар. 2015 жылы ересектердің арнайы тобында 6238087 адам скринингтік тексеруге келген. Ал онкологиялық скрининг шеңберінде 2 364 263 адам профилактикадан өтті. Бірінші рет 2 мыңға жуық қатерлі ісік жағдайы анықталды.

Қазақ онкология және радиология
ҒЗИ баспасөз орталығы

@. @assel_assanova