Тіс пастасын жұту қауіпті

Тіс пастасын жұту қауіпті
Фото: http://mebusiness.ru/

Күнделікті тұтынатын тіс пастасы жайлы біз білмейтін біраз нәрселер бар екен. Мәселен, қорап сыртындағы «бал қосылған» немесе «жалбыз сығындысымен» секілді сөз – жай ғана жарнамалық әдіс деп кім ойлаған?! Қандай паста пайдалы, қайсысынан бас тартқан жөн? Бұл туралы білікті стоматолог Әйгерім Жақсылықова айтып береді.

– Ең пайдалы тіс пасталары қандай?

– Қант қосылмаған пасталарды пайдалану керек. Еуропалық нұсқауға сәйкес, тіс пастасының құрамында сахароза мен басқа да фермент көміртектер болмауы тиіс.

– Гельді пасталардың сапасы басқаларға қарағанда жақсы болады деген рас па?

– Жоқ, олай емес. Гельді пасталар қарапайым пасталардан тек мөлдірлігімен ғана ерекшеленеді. Жай пасталардың құрамындағы кальций карбонаты (бор) мен титан диоксиді өнімге ақ түс береді. Айырмашылығы сол ғана.

– Тісті ағартатын арнайы пасталар шынымен де екі күннен кейін нәтиже бере ме?

– Бұл – қате түсінік. Өндірушілер берген уәделерін орындағысы келіп, тіс пастасына абразивті (тегістеуші) ұнтақтар қосады. Оның көмегімен біз тісте тұрып қалған қақты ғана кетіреміз. Негізінен, абразивтілік индексі RDA болатын тіс пасталары – ең жақсысы. Сезімтал тістерге арналған пастада бұл көрсеткіш 75-тен аспауы керек. Ал абразивтілік индексі 200 болса, бұл өнімді аптасына 1-2 рет қана қолданған дұрыс. Өйткені, мұндай пасталардың құрамындағы қоспа тіс эмаліне зақым келтіреді.

Тісжегіге қарсы ұсынылатын тіс пасталарының зияны қаншалықты?

– Тісжегіге қарсы тіс пасталарында триклозан мен хлоргексидин деген заттар болады. Олар – бактерия мен қабынуға қарсы мықты қорғаныс. Алайда бұл қоспа зиянды микробтарды өлтіріп қана қоймай, ауыз қуысының табиғи микроортасын зақым-дайды. Триклозан бұрын хирургияда тазалағыш құрал ретінде қолданылған болатын. Ол тістегі қақты кетіріп, қызыл иектің қабынуын тоқтатады. Триклозанды көп қолданған жағдайда, бактерияларда бұл препаратқа қарсы қасиеттер пайда болады. Бұдан соң антибиотиктер мен басқа да дәрілік заттардың тіске әсері әлдеқайда төмендейді. Сондықтан триклозаны бар тіс пасталарын 3-4 аптадан артық қолдануға болмайды.

– Бал қосылған тіс пасталары шынымен де пайдалы ма?

– «Бал қосылған» деген сөздің өзі жай ғана жарнама үшін айтылады. Шын мәнісінде мұндай тіс пасталарына балға ұқсас түрлі иістендіргіштер мен дәмдеуіштер қосылады.

– Тіс тазалайтын ұнтақ пастаға қарағанда тиімді ме?

– Жоқ. Біріншіден, сықпа пастаны пайдалану әлдеқайда ыңғайлы. Әрі гигиенаға да сай. Ал ұнтақ салынған қорапта бактериялар тез көбейеді. Екіншіден, мұндай ұнтақ тіс эмалін бұзады. Балаларға өте зиян.

– Қымбат тіс пасталарын пайдаланған дұрыс па?

– Көбісі солай ойлайды. «Неғұрлым қымбат болса, соғұрлым сапалырақ» деп. Пастаның құрамы күрделі болған сайын, бағасы артады. Алайда тым арзанына да ұрынбаған жөн.

– Балаларға кез келген тіс пастасын қолдана беруге бола ма?

– Болмайды. Пародонтозға қарсы, ағартатын, көп мөлшерде фтор қосылған тіс пасталары бар. Олар ересектерге арналған. Балаларда тіс эмалі нәзік келеді. Сондықтан балалар үшін шығарылған арнайы пасталарды қолдану керек. Эмальді қатайту үшін балаларына фтор қосылған тіс пасталарын алатын ата-аналар көп. Олар қателеседі. Тіс эмаліне қажетті фтордың мөлшері өте шектеулі. Ол мөлшерді тіс пастасы арқылы қадағалау мүмкін емес. Өйткені, кейде бала пастаны жұтып та қояды. Фторды ұзақ уақыт пайдаланған жағдайда ол сау тістегі кальцийді ығыстырады. Нәтижесінде тіс сынғыш келіп, бала флюороз ауруына шалдығады.

– Балалар тіс жуу кезінде пастаны жұтып қойып жатады. Бұл қауіпті ме?

Егер бұл жиі қайталана беретін болса, ағзаға өте қауіпті. Неге дейсіңдер ғой? Тіс пастасының құрамында химиялық қоспалар өте көп. Мәселен, глицерин пастаның тез кеуіп кетпеуі үшін қосылады. Ал парафин өнімге жабысқыш қасиет береді. Бұлар асқазанға түскенде, оны тітіркендіріп, зақымдайды. Тіс пастасына ментол да қосылады. Ол жүрек-қан тамырлары жүйесіне зиян. Жүрегі ауыратын адамдар ментол қосылған тіс пастасын пайдаланбағаны жөн. Пастаның құрамында формальдегид де бар. Ол – өте улы зат. Егер формальдегид ас қорыту жолдарына жиі түсе берсе, көру қабілетін нашарлатады, бүйрек пен бауырдың жұмысын бұзады.

– Тіс тазалауға пастаның қанша мөлшері жеткілікті?

– Тым көп болмағаны дұрыс. Әйтпесе ауыз қуысы қатты көбіктеніп, тіс тазалауға кедергі келтіреді. Пастаның құрамындағы белсенді заттардың шамадан артық мөлшері де зиян. Тіс тазартуда бұршақтың көлеміндей пастаның өзі жеткілікті. Ал балалар бұдан екі есе аз көлемде қолдансын.

– Тіс пастасын ауыстырып отырған дұрыс па?

– Иә. Бір пастаға үйреніп қалмау үшін екі немесе одан да көп түрін пайдалану керек. Оның үстіне, бұл тістің түрлі ақауларын шешуге көмектеседі. Таңертең бір түрін, жатар алдында басқа түрін қолданған тиімді.

zhasorken.kz

@. @assel_assanova