Арықтауға көмектесетін квас түрлері

Арықтауға көмектесетін квас түрлері
Фото: www.vitamin-ka.info

Дәрігер мамандар бұл сусынның адам денсаулығына пайдасы мол екенін бұрыннан айтады. Өйткені квас артық салмақтан арылуға көмектесіп қана қоймай, зат алмасу процесін жеделдетіп, ағзаңызды тазалайды. Сондықтан біз бұл жазбамызда квас сусынының ең ерекше түрлеріне тоқталып өткіміз келіп отыр. Оны қарапайым үй жағдайында жасай аласыз.

Арнайы арықтау үшін сұлы жармасынан жасалған квас.

Бұл квасты 2 апта қабылдасаңыз жеткілікті. 2 аптадан кейін ас қорыту жолдары жақсарып, артық салмақтан арылғаныңызға көзіңіз жетеді. Ал курсыңызды 1 айға дейін созсаңыз, онда бірнеше килограммға дейін арықтайсыз.

3 литрлік құтыға 0,5 кг сұлыны салып, жақсылап жуыңыз. Тазалап, жуып болған соң сұлының үстіне қайнаған су құйып, шамамен 3 ас қасық қант салыңыз. Сонда ашу процесі белсенді түрде жүзеге асады. Содан кейін сыйымдылықтың басын дәкемен байлап, 2 тәулікке қалдырыңыз. Сол уақыттың ішінде сусынның бетінде қабықша пайда болады. Ол квас дайын болды дегенді білдіреді. Оны тамақ ішпестен жарты сағат бұрын 1 стақаннан тұтыныңыз.

Қызылшадан жасалатын квастың дайындалу жолы.

Бір үлкен немесе 2 кішкентай қызылшаны алып, үккіштен өткізіп, қатып қалған нандарды қосып, үстіне 2 литр мұздай су құйыңыз. Сосын 4 ас қасық қант салып, араластырыңыз. Кейін 3-4 тәулікке қалдырып, дайын болған соң тоңазытқышқа қойып, ішіңіз.

Қызылша квасының пайдасы: холестирин мөлшерін төмендетеді, зат алмасу процесін жақсартады, жүрек-қан тамыр ауруларына қарсы көмектеседі, тамырыңызды кеңейтіп, ішектеріңізді тазалайды және семіріп кетуден сақтайды.

Қызылша квасын қалай ішеді: тамаққа жарты сағат қалған кезде 0,5 стақаннан ішіңіз. Күніне осылай 5 стақаннан кем ішпеуіңіз керек. Ал егер бұл сусынды ағзаңыз қатты қаламаса, онда оның санын азайтуға тура келеді. 

Шөптен жасалған квас.

Сүт сарысуы қосылып жасалатын бұл квастың түрі бәріңізге де белгілі шығар. Бұл шипалы сусын ағзаңызды қоқыстардан тазалап, артық салмақтан арылуға септігін тигізеді. Сонымен бірге иммунитетіңізді нығайтады және тұмау аурулары кезінде керемет көмектеседі. Шөптен жасалған квастың көмегімен бас ауруын да жеңуге болады. 

Оны мынадай жолмен дайындайсыз:

Үш литрлік құтыға 1 стақан кесілген сүйелшөп жапырақтарын салып, оған 200 грамм қант қосып, 0,5 литр сүт сарысуын араластырып, үстіне таза су құйыңыз. Мұндай квас 10 күннен кейін дайын болады. Егер арықтағыңыз келсе, оны тамақ ішерден 30 минут бұрын тұтынғаныңыз дұрыс. 

Лимоннан жасалған квас.

Бұл сусын үшін алдымен 3-4 үлкен лимон керек. Оларды әртүрлі химиялық заттардан сақ болу үшін алдын ала қайнаған сумен жидітіп алғаныңыз дұрыс. Квасқа арналған арнайы үлкен сыйымдылықты алып, лимондарыңыздың шырынын сығыңыз. Содан соң оған 2,5 стақан қант, 20 грамм ашытқы, 100 грамм жүзім мен лимон қабығын қосуыңыз керек. Ашу процесі орындалуы үшін бөлме температурасында 2 тәулік ұстасаңыз жеткілікті. Одан кейін салқындау жерлерде сақтағаныңыз жақсы. 

Күріштен жасалған квас.

1 литр суды қайнатып, суытып, оған 4 ас қасық қалаған күріш түрін салыңыз, тек жарма болмауы керек. Сосын 3 ас қасық қант пен азғантай жүзім салыңыз (5-6 түйір). Содан кейін барлығын жақсылап араластырып, бөлме температурасына байланысты 3-4 күнге қалдырыңыз. Болған соң сүзгіден өткізіп, бөтелкелерге құйып, тоңазытқышқа қойыңыз. Бұл сусын түрі тек қана ішектеріңізді тазалап қоймайды, оған қоса остеохондроз бен дене буындары ауруларының алдын алады. 

Жанжабіл өсімдігінен жасалған квас.

Жанжабіл квасы үшін 500 грамм қарабидай қытырлағы немесе 800 грамм қарабидай нанын алып, олардың үстіне қайнаған су құйыңыз. Кейін қақпағын жауып, 5 сағатқа қалдыруды ұмытпаңыз.

Жанжабіл өсімдігінің тамырын тазалап, бөліктерге бөліп (шамамен 7 бөлікке бөлгеніңіз дұрыс), оның үстіне 4 литр су құйыңыз. Содан соң 20 минут газға қойып қайнатыңыз. Болғаннан кейін өсімдікті алып тастауыңызға болады, өйткені сізге тек оның қайнатпасы ғана керек. Егер ұнтақталған жанжабіл болса, онда сүзгіден өткізіп, ішуге болады. 

Жанжабіл қайнатпасы суыған соң оны нан қоспасымен араластырып, қайнатасыз. Кейін бәрі бөлме температурасына дейін суығанын күтесіз. Одан кейін 30 грамм ашытқыны алып, жылы суға езіп, сонымен бірге 0,5 литр алма шырыны мен 2 стақан қант қосыңыз. Барлық қоспаны жақсылап араластырып, жылы жерге қалдырыңыз. 12-18 сағаттан кейін жанжабіл квасы да дайын болады. Мұндай сусынның дәмі тіл үйіреді және өте пайдалы.  

Арықтауға көмектесетін квастарды дайындауға арналған кеңестер:

- қолдан жасалған квастардың бәрі шыны құтыда сақталады. 

- ингредиенттерге көбіне салқын су, қайнаған су немесе тазартылған су құясыз. 

- оны міндетті түрде дәкемен жабасыз.

- дәке мен судың бетінің арасында 3-4 сантиметр арақашықтық болуы керек. 

- қанттың орнын балмен алмастыруға болады. Мысалы 1-2 ас қасық балды 2-4 ас қасық қанттың орнына қолданыңыз. Бірақ ол ешқандай балдыр қосылмаған қарапайым табиғи бал болуы керек. Бал дененің көгеріп кетуіне қарсы көмектеседі. 

- қандай квасты болса да дайындар алдында жақсы ашуы үшін және дәмді болуы үшін жүзім қосасыз (шамамен 2 литрге 4-6 түйір). 

- квасты дайындап, ішейін деп жатқанда міндетті түрде сүзгіден өткізуді ұмытпаңыз. 

Ж. Исакаев