Көк шәйдің пайдасы

Көк шәйдің пайдасы

Көк шәйдің пайдасы туралы ежелден-ақ айтылып келе жатыр. Ертеде ауқатты байлар, төре-болыстар көк шәйді шараптан гөрі көп пайдаланып, шөл қандырған екен. Көк шәйдің нақты шығу тарихы белгісіз. Бірі Қытайда десе, бірі Жапонияда, енді бірі Вьетнамда шыққан дейді. Ежелгі Қытай аңызы бойынша император Чен Нунг қайнап жатқан суға түсіп кеткен жапырақты көріп, оның иісі мен дәмін көріп, көк шәйді пайдалану туралы үкім шығарады. Алайда, шәй ағаштарының түбірі Қытайда жатқанын бірнеше мәрте дәлелдеген.

Көк шәйдің емдік қасиеті ертеден-ақ белгілі болған. Шығыста көк шәй ұзақ өмір сүру мен жастықтың сусыны болып есептелген. Ыстық көк шәй салқын күндері жанға жылулық сыйласа, аптап ыстықта бойға сергектік беріп, шөл қандырады. Пайдалы микроэлементтер мен дәрумендерге толы көк шәй адам ағзасындағы зиянды қалдықтарды шығаруға, қандағы холестерин мөлшерін төмендетуге, созылмалы аурулардан қорғануға жол береді. Адам ағзасындағы қан айналым мен ас қорыту жүйесін жақсартады.

Қытай халқы «күнделікті бірнеше кесе көк шәй ішсе, иммунитет жақсарады» деп тұспалдайды екен. Расында да, көк шәй әр түрлі ауруларға қарсы төтеп бере алатын сусын. Ол тек шөл қандырып қана қоймай, теріні жұмсартып, нәрлендіреді.

Көк шәй тіске де пайдалы. Тісті сыртқы әсерден қорғап, оны тазартып, түсін сақтайды. Тіс эмалі мен қызыл иекті берік қылып, кариестің пайда болуына жол бермейді. Ауыз қуысындағы жағымсыз иістен де арылуға жол ашады. Тісіңіз ауырған жағдайда ауыз қуысын жылы көк шәймен бірнеше мәрте шайып жіберіңіз.

Артық салмақтан, ағзадағы зиянды қалдықтардан арыламын десеңіз, көк шәй ішіңіз. Тек оған сүт, қант және тосап қоспаңыз. Бұл жағдайда көк шәй өз қасиетін жоғалтып, денсаулыққа еш пайдасын тигізбейді.

Моншаға түскен соң не душ қабылдаған соң, 1-2 кесе көк шәй ішіңіз. Шөл қанып қана қоймай, ағза да іштей тазарады. Сондай-ақ, көк шәйді физикалық жаттығулардан кейін ішкен жөн.

Мүмкіндігінше, құрамында көк шәй бар косметикалық бұйымдарды пайдаланыңыз. Мұндай косметикалық бұйымдар көз астындағы ісіктердің болмауына, терінің жұмсарып, жасаруына, денедегі сызат-дақтарды кетіруге жол береді. Күнделікті таңертең көк шәймен жуынған дұрыс. Жатар алдында көк шәйді қайнатып, бетін жауып қойыңыз. Түні бойы салқындаған сумен таңертең беті-қолыңызды жуыңыз. Көзіңіз қызарып жүрсе, көк шәй қалтасын басып, 15-20 минут демалыңыз.

Есіңізде болсын! Көк шәй қан қысымы жоғары жандарға өте пайдалы. Қан қысымын төмендетіп, бойға сергектік пен жеңілдік сыйлайды. Ал қан қысымы төмен жандардың көк шәйды көп мөлшерде пайдаланбағаны абзал.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Суреттер: season.kz, zdorove.ru

Ғ. Ұзақ