Омыртқаның қисаюы неліктен қауіпті?

Омыртқаның қисаюы неліктен қауіпті?

Қазіргі кезде омыртқаның қисаюы белең алып бара жатыр, ол ағзаның басқа органдарына кері әсерін тигізеді. Сколиоз, остеохондроз аурулары үлкеннен де, кішіден де байқалады.

Ата-аналар мен дәрігерлер оқушылардың сөмкесінің ауырлығын кінәлайды. Ал психологтердің пікірінше, омыртқасы қисайған адам өзіне жоғары мақсат қойып, армандай алмайды екен.

Омыртқа ауруларының қалай алдын алуға болады?

Біріншіден, арнайы ортопедиялық матрасы бар төсек алған дұрыс. Егер осындай денеге жайлы төсекте жатып, демалсаңыз, бүкіл ағзаңыз тыңайып, күні бойы жұмсалған энергияңыз қалпына келіп, ұйқыңыз қанып, жақсы көңіл-күймен оянасыз.

Екіншіден, оқушылардың екі иыққа бірдей күш түсіретін рюкзак-сөмкелерді асынғаны абзал. Дизайнерлердің сөмкенің осы түрін трендке шығарғаны игілікті іс болды. Қыздар да, ұлдар да өздеріне ұнайтын түрлерін таңдай алады. Сөйтіп әрі сәңқой, әрі сымбатты оқушыға айнала алады.

Үшіншіден, арнайы жаттығуларды жасау. Кеңселерде компьютермен жұмыс істейтіндер мезгіл-мезгіл омыртқаға арналған жаттығуларды жасап отыруға әдеттенгендері жөн. Оқушылар да информатика сабағында ұсынылатын арнайы жаттығуларды жүйелі жасап жүрсе, дені сау ұрпақ болып өседі.

Төртіншіден, кешке теледидар алдында қимылсыз 1 сағат отырудың өзі омыртқаға зиян. Оның есесіне үй жинап, еден жуып, қызмет қылғаныңыз анаңызға ғана емес, ағзаңызға да пайдалы.

Бесіншіден, күніне бір мезгіл, мысалы, ұйықтар алдында таза ауада жаяу жүруге дағдыланыңыз.

Алтыншыдан, арқаның бұлшық еттеріне, омыртқаға жүзу де жақсы әсер етеді. Сондықтан аптасына екі рет бассейнге жазылғаныңыз дұрыс.

Жетіншіден, темекі тартатын болсаңыз, осы зиянды әдеттен арылыңыз. Себебі никотиннің әсерінен қан тамырлары тарылып, ағзаға оттегі жетіспегендіктен де омыртқа қисаяды.

Ең соңғы айтарымыз, жүріс-тұрысыңызға, отырысыңызға мән беріңіз. Аяққа аяқты салып отыруды әдетке айналдырсаңыз, біраз уақыт өткеннен кейін арқаңыздың ауыра бастағанын сезесіз. Арқалығы биік, шынтақ демегіші бар орындыққа отырсаңыз, омыртқаңызға күш түспейді.

Айнаға қарап, дене сымбатыңызға көз салыңыз.

Cурет: nuclear-wallpapers.ru.com

Оқи отырыңыз:

Көздің көруін жақсартатын тағамдар

Ішек тазалаудың әдістері

Түн ұйқысының қаншалықты маңызды екенін білесіз бе?

Спорттың пайдасы туралы

Ф. Абилова