Адам неге жылайды?

Адам неге жылайды?

Көз жасы - мылқау тіл

Вольтер

"Күлкі - өмірдің кілті" дедік, жігітті күлкісінен тану туралы да айтып бердік. Қолданушымыз Салто Салтош жылағанның пайдасы қандай екен деген сұрақ тастапты. Расымен көз жасының да жақсы жағы бар ма екен?

Көз жасының бірден-бір пайдасы адамды күйзелістен құтқаруында. Біз жылайын деп отырған біреуге "Жылап ал, жеңілдеп қаласың" деп бекер айтпаймыз. Өйткені, негативті эмоцияларды іште сақтап жүру өте ауыр. Әйелдерге қарағанда 5 есе аз жылайтын еркектер аз өмір сүреді. Сондықтан, жылағымыз келген уақытта бақырып-бақырып жылап алғанымыз жөн. Яки, көз жасы ағзаны тазартады. Көзімізді әлсін-әлсін жыпылықтатып отыру арқылы жанарымыздың құрғамауын қадағалаймыз. Көз жасы көзді құрғатпай, оны сақтайды.

Көз жасы әртүрлі болады. Соған орай, әр кезде шығатын жасымыздың құрамы әртүрлі. Ғалымдар көз жасының химиялық құрамын зерттеу барысында, жылаған кезде ағзамызға зиянды химиялық заттардың көз жасымен бірге сыртқа шығатынын анықтады.

Ең қою, тұзды жасты біз қатты қиналып, өмірден түңілген кездерде төгеміз. Осы жасты сыртқа шығарып тастаудың пайдасы орасан. 

Ал адам елжіреп қуанған кезде, немесе қатты әсер алғанда (кино көріп отырып, кітап оқып жатып) көзден жеңіл жас шығады. Ішегіміз түйілгенше күлген кезде де көзіміз осындай жас бөледі.

Пияз турағанда, ыстық шайды байқамай ұрттап қойғанда шығып кететін жасымыз әлдеқайда тұщы жас. Жанарымызға кенеттен қиқым түсіп кетсе, жас бұрқ ете түседі. Яки, көз жасы - ағзаның қорғанышы.

Дегенмен, жападан жалғыз қалып жылаудың пайдасы аз. Жастыққа тұншығып көз жасымызды көлдетуден бойымыз жеңілдесе игі. Ал психологтардың айтуынша, іштегіні жылап сыртқа шығарудан бұрын, кімнің алдында жылайтының маңызды. Жаныңды ұғып, жүрегіңді түсінетін адамның алдында егіліп отырып, бір жылап алсаң, бойыңнан ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалатының рас...

Ал дәрігерлер ағзаның жай-күйін қан алу арқылы анықтағаннан гөрі, көз жасына қарап анықтаудың пайдасы әлдеқайда зор деп отыр. Жүйке жүйесінде зақымы бар науқастардың халін көз жасын сараптамадан өткізіп барып айқындамақ болып отырған дәрігерлер қалт айтпаса керек. 

Кішкентай бөбектер кейде жас шығармай жылайды. Бақырып жатқандай болғанымен, көзіне қарасаң, көзінде бір тамшы да жас жоқ. Сонда періштедей бөбек өтірік істеп жатыр ма? Жоқ! Бала туғаннан көз жасының қабаты болады, бірақ, ол қабат тек көзді қауіпті заттардан қорғап, оны құрғатпауға ғана жетеді. Яки, әлі есін білмейтін бала көз жасын эмоциясын сыртқа шығару үшін пайдаланбайды.

Жыласақ, тек қуаныштан ғана жылайық...

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: blogs.privet.ru, mamaclub.ua

М. Оңғарова