Улы жәндік шағып алса...

Улы жәндік шағып алса...

Әр нәрсенің екі жағы болатыны секілді, жадыраған жаздың да бізге тигізер жағымсыз әсерлері бар. Ол заңдылық. Әсіресе, табиғат аясына серуенге шыққан кезде, денсаулығыңызға аса абай болыңыз. Жып-жылы жаздың қауіпті тұсы - улы жәндіктер.

Улы жәндіктер тістеп алса, көбіне терінің ісініп, басылуымен шектеледі. Маса асқазан ауруларын таратушы, сондықтан, масаның тамаққа қонбауын қадағалаңыз. Ал аса улы жәндіктердің шағуы орны толмас өкінішті жағдайларға әкеп соғуы әбден мүмкін. 

Сондықтан, демалысқа табиғат аясына бара жатқанда, мына кеңестерді жадыңызда жаттай жүріңіз.

  • Шөпте жалаң аяқ не ашық аяқ киіммен жүру қауіпті. Міндетті түрде жабық аяқ киім киіп алыңыз.
  • Косметикалық құралдардың тәтті иісі әсіресе, араны еліктіреді, сондықтан саяхатқа шыққанда косметиканы қолданбауға тырысыңыз.
  • Ұзын шашты қалпақтың астына жасырып не мүлдем жинап түйіп тастаған дұрыс, себебі, шашқа қонған жәндіктер денсаулығыңызға әлдебір зақым келтіруі мүмкін.
  • Табиғат аясында тамақ ішіп болған соң, дереу орнын тып-типыл ғып жинап, қораптарға буып-түйіп тастаған дұрыс. Ал тамақ пісіріп жатқанда, қазанның қақпағын мұқият тығыздап жабыңыз. 
  • Шыбын-шіркей үймелеп тұрған жерге кезігіп қалсаңыз, ақырын ғана жандарынын өтіп кетіңіз. 
  • Жәндіктерден сақтандыратын қорғағыш құралдар алып шығыңыз.
  • Дәрігермен не дәріханадағы сатушымен кеңесіп, дәрі-дәрмекті де алуды ұмытпаңыз.

Жәндіктер шағып алса...

Кене сияқты жәндіктер шағып алса, ауырған жерді сабындап жуып, скипидар тамызыңыз. Ара немесе сона шақса, ол жерге вазелин жағып қойыңыз. 

Қолыңызда скипидар не вазелин жоқ болса, пияз бен сарымсақ сөлімен сүртсеңіз де болады. Шаққан жерді қасымауға тырысыңыз. Тырнағыңызбен бірге шағылған жерге у бойлап бара береді. Сондықтан, өз жағдайыңызды өзіңіз ушықтырмаңыз.

Ара шағып алса, мына әдіс те алғашқы көмек бола алады: ауырған жеріңізге мұздай зат қойып, димедролдың бір таблеткасын ішіп алу керек.

Кейбір адамдардың шыбын-шіркейден аллегриясы шығады. Жәндік қолын шақса, дереу сақинасын шешіп тастап, жоғарыдағы кеңестерді орындауы қажет. 

Ал егер жағдайыңыз сәт сайын нашарлап бара жатса, бірден дәрігердің көмегіне жүгінгеніңіз жөн...

Сурет: mamina-shkola.ru, vitaportal.ru

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

М. Оңғарова