Ардагерлерге арналған скринингтік тексеру өтеді

Ардагерлерге арналған скринингтік тексеру өтеді

27 қараша күні Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты мен «Қазақстанның онкологтар және радиологтары» қоғамдық бірлестігі бірге «Ардагерлерге арналған скринингтік тексеру» шарасын өткізеді.

Алдағы 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығын тойлаймыз. Бүгінгі бейбіт әрі тыныш өміріміз үшін соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің алдында қарыздармыз. Сондықтан олардың ерлігін ұмытпау – біздің басты парызымыз.

Бірақ, қазір Ардагерлер үйінде, одан қалды, Қарттар үйінде өмір сүріп жатқандар аз емес. Бірі тағдырдың тәлкегіне түсіп, жалғыз қалса, енді бірін бауыр еті балалары тастап кеткен. Олар басы ауырып, балтыры сыздаса, өз аяғымен емханаға барып, қажетті ем-дом ала алмауы мүмкін. Тіпті көпшілігі ауруын айта алмай-ақ, өмірден өтеді. Дәл осыны ескерген Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мамандары көмекке зәру жандарға қол ұшын созып, оларды тегін тексеруден өткізуді мақсат етіп отыр.

Негізі елімізде 58-60 жасқа дейінгілер арасында қатерлі ісіктің алдын алу мақсатында скринингтік тексеру өткізіледі. Бұрын тіркелмегендер арасында колоректальдық қатерлі ісікті анықтау үшін 70 жасқа дейін, ал ерлер арасында кездесетін қуық безінің қатерлі ісігіне қарсы 66 жасқа дейін скрининг жасалады.

Алайда, бұл жастан өтіп кеткен жандарға, өкінішке қарай, арнайы тексеру жасалмайды. Дәл осындай тексеруден өтпеген қарттардың денсаулығын білікті мамандар қарайтын болады. Ал қосымша ем қажет болғандарға институттың емханасында дәрігерлер көмек көрсетуге дайын. Мұнда уролог, гинеколог, рентгенолог, маммолог және хирургтар қарттарды толық бақылаудан өткізіп, қажетті ем шарасын жазып береді. Себебі, соңғы көрсеткіштер 60 жастан асқан қарттар арасында қатерлі ісіктің жиі кездесетінін анықтап берді.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы 27-қаңтардағы халыққа Жолдауында 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы бойынша мемлекеттік денсаулық сақтау саласын дамытуды тапсырған еді. Ал бұл бағдарлама отандық онкология қызметін дамытуға бағытталған.

Скринингтік тексерулер арқылы қатерлі ісікті бірінші сатысында анықтау жыл санап жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Онкологиялық ауруларды алғашқы сатысында анықтау – науқастың жартылай айығуымен тең. Бұл кезде оған көмек көрсетуге мүмкіндік бар. Ал Қазақстан – дәл осындай скринингтік тексерулерді белсенді өткізетін санаулы елдердің бірі.

Тексеру өтетін жер: Алматы қаласы, Абай даңғылы, 91, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының ғимараты. Уақыты: 14:00

Сурет: simiota.ru

Қ. Бүйенбай