Бауыры ауыратын адамдар үшін

Бауыры ауыратын адамдар үшін

Бүгін бауыры ауыратындардың саны күрт өсіп жатқаны белгілі. Оған біріншіден, экология әсер етсе, екіншіден, түрлі химиялық қоспалары бар тағамдарды шамадан тыс көп тұтыну себеп болса керек. Адам ағзасында ең маңызды рөл атқаратын осы бауыр деп айтсақ, қателеспейміз. Себебі, күнделікті ішіп-жеуіміз тікелей бауыр арқылы өтетінін ескерген жөн. Астың дұрыс қорытылуымен ағзаға дұрыс сіңуі дәл осы бауырға байланысты. Бұл жазбада бауырдың ауыруын алдын алу үшін қандай тамақты тұтыну керектігі туралы айтамыз. 

Жалпы қандай да болмасын ауруды біздер, көбінесе, тамақтан табатынымыз рас. Сондықтан, дұрыс тамақтанудың өзі денсаулыққа пайдалы. Ол үшін күнделікті рационыңызды қалыпта ұстауыңыз қажет. Құнарлы әрі дәруменге толы тағам түрлерін тұтынған абзал. Және бауыры ауыратын адамдар үшін, ең біріншіден, майлы тағамдардан бас тартқан дұрыс. Қажет болған жағдайда диета ұстау керек. Сонда ғана сіз өз денсаулығыңызға алаңдамайтын боласыз.

Бауыры ауыратын адамдарға көптеген тағамдардан бас тартуға тура келеді. Атап айтқанда, қара бидайдан пісірілген нан, қатты ірімшік, жұмыртқаның сарысы – бұлардың барлығы да бауыр үшін өте ауыр және қорытылуы да қиындау. Сондай-ақ, майлы ет өнімдері, шошқа еті, қой еті, үйрек еті және майлы балықтар. Оның ішінде кептірілген балықтар мен тұздалған балық түрлерін айта кету керек. Міндетті түрде рационыңыздан майлы бадамдарды, жаңғақтарды, таза пісіп жетілмеген жемістерді, көкөністер мен қырыққабат, тұрып, шалғам, қияр және сарымсақты қолданбаңыз. Және саңырауқұлақты да қолдануға тыйым салынады. Сонымен қатар, тағамыңызға түрлі дәмдеуіштерді қосып жеуге рұқсат жоқ. Ащы, тұзды дәмдеуіштер де бауыр үшін зиян. Бауыры ауыратын науқастарға шоколад, какао, кондитерлік өнімдер мен майлы кремдер тұтынуға мүлдем болмайды. Сонымен қатар, алкогольдік сусындарға да тыйым салынады.

Жалпы бауыры зақымданған жандар асты аз порцияда тұтыну керек. Және барлығын аса мұқияттылықпен, тәртіппен ішкен абзал. Әр тамақты күніне 5-6 рет бөліп ішу қажет. Мысалы, жылы сорпа ішкен дұрыс. Өте ыстық немесе өте салқын тағамдар ағзаға кері әсер етуі мүмкін. Қандай тағам ішсеңіз де барлығын қайнатып, булап дайындаған дұрыс. Қуырылған тағамды ішуге мүлде болмайды. Бір қарағанда бауыры ауыратын адамдарға диета ұстау аса қиын секілді болып көрінеді. Олай емес. Барлық тағамдарды жей беруге болады, тек булап немесе қайнатып тұтыну керек. Ал егер сіз тұздықтармен тамақтанғанды жақсы көрсеңіз, өзіңізге ұнайтын тұздық түрлерін таңдап алуға болады. Міне, осындай тұздықтар арқылы тағамыңызға ерекше дәм беріледі.

Сурет: liveinternet.ru

Ж. Исакаев