Қыздар жігіттерге қарағанда көп ұйықтауы керек

Қыздар жігіттерге қарағанда көп ұйықтауы керек
Фото: marieclaire.ua

Мұндай шешімге америкалық ғалымдар жүргізілген зерттеулер нәтижесінде  келіп отыр.

Солтүстік Каролина штатындағы Дьюк университеті мамандарының айтуынша, әйелдер үшін жақсы ұйқы ерлерге қарағанда әлдеқайда маңызды. Олардың жүргізген зерттеулері әйелдің миы демалып, қалпына келуі үшін ерлерге қарағанда көбірек уақыт қажет ететінін дәлелдеді. Бұл әйел миының өзіндік ерекшеліктеріне байланысты.

Қыздар бір уақытта бірнеше жұмысты атқаруға үйреніп кетеді, мысалға бір уақытта телефонмен сөйлесіп, жұмысын жасай береді. Мұндай қасиет ерлерге қарағанда әйелдерде жиі кездеседі, cол себепті қыздардың миы көбірек шаршап, демалысты көбірек қажетсінеді.

Ұйқының жетіспеушілігі әйел адам үшін түрлі психикалық аурудың бастамасы бола алады. Ал жігіттер ұйқысыздықты жеңіл өткереді, олар үшін ұйқысыз өткен түн зиян емес десе де болады. Қыздардың жағдайында сапасыз ұйқы тек психикалық күйіне ғана емес, сонымен қатар физикалық саулығына да әсер етуі мүмкін. Ұйқысыздық ағзадағы түрлі қабыну процесін дамытып, жүрек-тамыр жүйесінің аурулары пайда болуына өз септігін тигізеді. 

Сондықтан әйел адамдар, әсіресе жас қыздар уақытында ұйқыға жатып, ұйқыларын қандыруы керек. 

Егер ұйқыңыздың сапасына көңіліңіз толмаса, мынадай қарапайым ережелерді ұстанғаныңыз жөн:

  • Ұйқыға 3-4 сағат қалғанда тамақтанбаңыз. Қарныңыз қатты ашса, айран, жеміс сынды жеңіл тіскебасар жеуге болады. Күнделікті кешкі асты мүмкіндігінше ерте жеуге тырысыңыз. Бұл арықтауға да өз үлесін қосады.
  • Түнде ұйқыңызды қандырып үлгермесеңіз, түсте, түскі ас кезінде жұмыста орындықта отырып-ақ бір мызғып алыңыз. 15-20 минут түскі ұйқы жұмысқа жаңа қарқынмен кірісуге күш береді.
  • Ұйқыны қандыру үшін таңертең ұзақ жатпаңыз, керісінше, кешке ұйқыға ертерек жатқаныңыз дұрыс.
  • Күнделікті бір уақытта ұйықтап, бір уақытта оянуға дағдыланыңыз. Өзіңізді бір-екі аптадай қинап, тіпті демалыс күндері бір уақытта ұйықтап, бір уақытта оянуға үйренсеңіз, кейін таңмен тұру да, ұйқысыздық та сіз үшін  қиын мәселеге айналмайды. 

Жұмыс, сабақ деп ұйқыңызды ұмытып, қалай болса, солай ұйықтап, кеш жатып, ерте тұрғанды қойыңыз. Әсіресе нәзік жандылар өз ұйқысына көңіл бөлгендері дұрыс.

С. А