Фермуар: Қарапайым түймеліктің тарихы

Фермуар: Қарапайым түймеліктің тарихы
Фото: pinterest.com

Қызықты атауына қарамастан, фермуар – екі моншақпен безендірілген әмияндағы немесе сөмкедегі түймелік. Негізі, fermoir француз сөзінің бірнеше мағынасы бар: зергерлік бұйымдарға арналған ілмек; кітапқа арналған түймелік; ағаш шеберінің құралы. Жалпы, fermer етістігі "жабу" дегенді білдіреді. Осындай қарапайым детальдің қызықты тарихы бар екен.

Фермуар XV ғасырда Еуропада әмиянның функционалды элементі ретінде пайда болды. Оған дейін әмиянды баумен байлайтын. Зайырлы қоғам әйелдеріне өздерімен бірге орамал, сүйіспеншілік хаттары және басқа да ұсақ-түйектер алып шығу қажеттілігі туады. Сол кезде қолға ұстап жүруге болатын әмияндар (қазіргі клатч секілді) пайда болады. Оның бауын байлап тұру ыңғайсыз болды, оның үстіне ұрлықшылар білдірмей бауды кесіп әмиянды ұрлайтын. Сондықтан фермуары бар әмияндар шыға бастады.

Көп уақыт өтпей фермуар әмияннан әйелдер сөмкесіне көше бастады. Мұндай сөмкеден әйелдің қоғамдағы орнын байқауға болатын. Мысалы, жоғарғы қоғам уәкілдері сапалы қытай жібегінен тігілген, нәзік өрнекпен безендірілген және бағалы тастар қойылған күміс фермуары бар сөмке ұстаса, орташа адамдар шұғадан немесе былғарыдан тігілген және түймелігі қарапайым қалайыдан жасалған сөмке алатын. Бірақ адамдардың дәрежесіне қарамастан сөмкеге арналған фермуар епті орындалатын: фермуарды мәнерлі ою-өрнектермен безендірді.

Сөмкенің матасы тозса, сөмке негізін лақтырып, ескі фермуарға жаңа мата тігетін болған. Сондықтан сөмкеге арналған ерекше бағалы түймеліктер ұрпақтан ұрпаққа мұра етіп қалдырылды.

XX ғасырда сөмке бізге таныс ридикюль пішініне келе бастайды. Фермуар оның өзгермес бөлігіне айналады. Содан соң фермуардың өзі дами түседі: ол төртбұрышты түймелік ретінде шықты. Оны Van Cleef & Arpels зергерлік үйінің негізін қалаушы және француз зергері Шарль Арпель ойлап тапты. Шарль Арпель мұндай түймелікті төртбұрышты клатч-қорап секілді минодьер деп аталатын сөмкеге қолданды.

20-шы және 40-шы жылдары әйелдер сөмкесіне арналған түймеліктердің түр-түрі пайда болады. Екі моншақтан тұратын үйреншікті түймеліктің орнына айналмалы ілмек келеді. Оны Коко Шанель өзінің атақты it-bag 2.55 сөмкесіне қолданады. Соған ұқсас ілмек Hermès-тің Kelly сөмкесінде де бар.

Қазіргі кезде фермуар тек радикюльге емес, клатчқа да қолданылады. Оның механизмі сөмкенің ішкі жағына жасырынған болуы мүмкін, бірақ аздап басу арқылы ашылатын барлық заманауи ілмектер өз бастамасын фермуардан алады.

Сәнді радикюльдер қазір де кездеседі. Оның көмегімен ретро киім үлгісін жасауға болады. Фермуары бар сөмкелердің трендке келу-келмеуін уақыт көрсетеді.

А. Жапатова