2018 жылы қандай брендтер экологияға өз үлесін қосты?

2018 жылы қандай брендтер экологияға өз үлесін қосты?
Фото: www.zara.com

Соңғы кездері сән әлемі нағыз экологиялық революциядан өтуде. Қоғамдық ұйымдардың әсерімен брендтер өз өнімдерінің тек эстетикалық жағын емес, сонымен қатар этикалық жағын ойлай бастады. Ендеше, 2018 жылдың сән әлеміндегі экологиялық қорытындысын ұсынамыз.

Табиғи теріден бас тарту

Сән индустриясында табиғи тонды және теріні қолданатын брендтер әрқашан қоршаған орта үшін күресетін ұйымдардың назарында болатын. 2018 жылға дейін табиғи теріден көптеген брендтер бас тартқан болатын: Calvin Klein, Stella McCartney, Ralph Lauren, Vivienne Westwood, Armani, Jimmy Choo, Michael Kors. Ал бұл жолы олардың қатарын аяқ киім мен аксессуар шығаратын Furla итальяндық бренді толықтырды. 2018 жыл Gucci үшін де өзгерісті жыл болды. Себебі жыл сайын ұсынатын күз-қыс топтамасының негізгі зейіні табиғи тон болатын бұл бренд алғаш рет одан бас тартты. Оларды Versace бренді де қолдады. Burberry британдық сән үйі де табиғи теріні қолдануын тоқтататынын айтты. Сәнқойларды таңғалдырғаны, Бруно Павловски бір сұқбатында Chanel сән үйі табиғи тері бұйымдарынан және экзотикалық жануарлар терілерінен бас тартатындығын айтты. Брендтердің табиғи теріден бас тартып, жасанды теріден жасалған тондарды ұсынуының арқасында биыл қыста жасанды теріден жасалған тондар трендке айналды. Бұл тренд сәнқой бойжеткендердің де көңілінен шықты. Себебі мұндай тондардың бағасы қолжетімді және тәжірибе жасап, түрлі түсті немесе түрлі пішінді түрін алуға болады.

Қайта өңделген материалдан жасалған киім және аяқ киім шығару

Соңғы жылдардың тағы бір экологиялық тренді – қайта өңделген материалдан киім және аяқ киім тігу. Пластикада табиғи ыдырауға мүмкіндік жоқ. Алғаш рет қайта өңделген пластиканы киім шығаруға Dsquared2 итальяндық бренді қолданды. Қайта өңделген пластикадан жасалған киімді өздеріне Adidas, Nike, Levi’s, Asics, Topshop, Marks&Spencer, Max Mara қосты. 2018 жылы оларға H&M қосылды: швед бренді өңделген материалдардан тұратын Conscious Exclusive топтамасын ұсынды. Осы жылы Zara да қосылды. Әзірге масс-маркет толықтай қайталама шикізаттан жасалған киім мен аяқ киімге көше алмайды, себебі өңдеу технологиясы қымбатқа шығады. Бірақ H&M өкілдері 2030 жылға қарай органикалық және өңделген материалдардан тұратын заттар үлесін 100%-ға дейін көтеретіндіктерін айтты.

Сонымен қатар, тек өңделген қалдықтардан жасалған киімдер шығаратын жас экобрендтер бар: Melissa, Vitamin A, Maggie Marilyn, People Tree, NAT-2 және т.б.

Эко-ойлау және 10 кеңес

Экологиялық өңдеу

Экологиялық өңдеу тек материалдың қайталама өңделуімен шектелмейді. Экологиялыққа бағытталған брендтер өңдеудің барлық аспектілеріне мән береді. Киім тігуге арналған мақта пестицидсіз өсірілуін қадағалайды. Кей компаниялар энергия көзінің экологиялық қауіпсіз болуына көшеді: жел, күн немесе су энергиясы. Өндірушілер біртіндеп химиялық бояғышлар мен синтетикалық матадан бас тартады. Яғни, барынша адам денсаулығына және қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін жағдайларды қарастырады.

А. Жапатова