Тренд: твид

Тренд: твид
Фото: zara.com

Твид – қыртыстанбайды, басқа маталармен оңай үйлеседі және  сәннен шықпайды. 

Твид – қалың ширатылған жіптерден қиғаш тоқылған және аздап түгі бар жүнді мата. Бастапқыда, өз отаны Шотландияда бұл мата твил (tweele) деп аталды, қиғаш тоқу дегенді білдіреді. Дәстүрлі түрде ер адамдарға арналған бұл мата өткен ғасырдың 20-жылдары әйелдердің сүйікті материалына айналды. Коко Шанель ұсынған ағылшын твиді сән подиумынан орын алып, әлі күнге дейін сәннен кетпей, түрлі брендтің негізгі топтамасына айналып жүр. Осы жылы твид күз-қыс мерзімінің тренді ретінде көрінді. 



Твидтің түрлері көп. Ең танымалы – шотладтық емес, ирландық твид донегал. Ол тегіс емес, түрлі түсті түйіншегі бар мата. Коверкот екі және одан да көп түрлі түсті жіптерден тоқылған және біртекті ұсақ алабажақ өрнек беретін мата. Шеврон "шырша" бейнесінде тоқылады. 



Твид жылы мата болғандықтан, сыртқы киімдер тігуге жақсы келеді. Твид қыртыстанбайдықтан, одан белдемше мен шалбарлар жиі дайындалады. сонымен қатар, ол тез тозбайды. 

Қазіргі заманауи твидке барлық бұдыр материалды жатқызады. Сонымен қатар, заманауи твид неондық түстерден бастап авангардтық пішіндерге дейін қолданыла береді. Комбинезон, кюлот шалбар, еденге дейінгі белдемше, етегі кең көйлектер – мұның барлығы қазіргі твид диапазонына кірді. 

Твид пенжагын үтіктеуге болмайды

Твид барлық адамға жараса береді. Твидтен жасалған көйлек дене пішінін сымбатты етіп көрсеткенімен, жылы ғимаратта одан ыстық болады. Сондықтан, твид сарафан таңдаған жөн. Оның ішінен жеңіл футболка немесе жейде киюге болады. Твидтен тігілген жакет кез келген киім үлгісіне келе береді. Твид жакетпен іскерлік те, casual стиль де жасауға болады. 



Қазір твид сөмке, шабадан, рюкзак, портфель және ая киімдерге белсенді қолданылып жүр.

А. Жапатова