Тойға дайындық: көйлек таңдау

Тойға дайындық: көйлек таңдау
Фото: amur.kz

Қалыңдықтың өмірінде бір-ақ рет киер ақ көйлегі көңілі қалағандай болуы бүкіл тойдағы көңіл күйіне зор әсер етеді. Мұны бірнеше жыл мініп жүретін көлік емес, паналайтын үй емес, бір күндік бұйымға неге сонша уайымдайды деп күйеу жігіттер түсінбеуі мүмкін. Алайда қыздар қауымына осы бір күннің маңызы мың күннен артық. Көйлек қаншалықты қымбат, қаншалықты ерекше, қандай бренд болғаны маңызды емес, ең бастысы мүсініңізге қонып, сымбатыңызға сай, жарасымды боп тұрса болғаны.

Қыздардың сыртқы мүсінін бес түрге бөліге болады:

– иығы, жауырыны жіңішке, мықыны кең болса — алмұрт пішінді.
–  кеудесі, белі, мықыны шамамен бірдей көлемді болса — алма пішінді.
– белі жіңішке, кеудесі мен жамбасы бірдей өлшемдегі қыздар — құмсағат пішінді.
– кеудесі де, белі де, жамбасы да жіңішке арулар — тіктөртбұрыш пішінді.
– иығы мен көкірегі белінен үлкен болса – үшбұрыш пішінді.

Мүсініңіз қандай пішінге жататынын анықтап алсаңыз, сізге сай көйлек қандай болатынына назар аударыңыз.

А-сұлбасындағы көйлек

Белінен бастап етегі кең боп жалғанатын А-сұлбалы көйлек барлық қызға бірдей жарасады.

Сән-салтанатты (пышный) көйлек

Көйлектің кеуде жағы мықынға қарай тігіліп, етегі үлкен болып кететін көйлек сән-салтанатты (пышный) түріне жатады, бұл алма пішіндегі қыздан басқаларына жақсы үйлеседі.

Етегі тік келетін көйлек

Етек-жеңі тік келетін көйлек құмсағат пішіндегі қыздарға құйып қойғандай болып тұрады.

Грек үлгісі

Түзу келіп, етегі сәл кеңейетін грек үлгісіндегі көйлек те барлық қызға үйлесе кетеді десек болады.

Русалка көйлек

Русалка көйлектерді алмұрт және құмсағат пішінді қыздардан басқалары таңдамай-ақ қойғаны абзал.

Биыл 3D гүлдері, көбелектері бар және түгі жоқ минимализм үлгісінде тігілген атлас көйлектер сәнде екенін ескеріңіз.

@. @assel_assanova