Сұлулық құрбандықты талап етпейді

Сұлулық құрбандықты талап етпейді
Фото: www.lifehack.org

Бұл суретте бейнеленген сән әлеміндегі белгілі тұлғалардың бірі — америкалық модель және актриса Лорен Хаттон. Ол — заманауи сән әлеміндегі абыройлы тұлға.

Сән өндірісіндегі жаңалықтардан хабардар арулар жақында ғана Нью-Йорк қаласындағы сән апталығы аяқталып, жылына бірнеше рет өткізілетін шара Ұлыбритания астанасына көшіп үлгергенін біледі. Біз атап өткен 73 жастағы Хаттонның сол апталықта киген киім үлгілері көпшіліктің назарын аударды. Өйткені, ол өзгелердей күнде түрлі киім кимей, бір киімді қайталап кие беруден сескенбейді.

Сән әлеміндегі беделді тұлғаның сол әлемнің заңдылықтарына бағынбауы көпшіліктің назарын өзіне аударды. 80 жасқа жақындаған Лорен ханым тек өзіне ыңғайлы киімді ғана кисе де, сәннен алшақтамай, керісінше, биік талғамын сақтап қалуы, шын мәнісінде, өнер десе де болады.

Осы өнердің құпиясын Лорен Хаттон 4 кеңеске сыйғызып жіберді. Оларды сіз де біле жүріңіз:

1. Бір киімді қайта-қайта киюден сескенбеңіз.
Бастысы, ол сізге үйлессе болғаны.

2. Киінген кезде, ауа-райына көңіл бөлуді ұмытпаңыз.
Сән үшін аязда үсудің қажеті жоқ.

3. Опа-далапты аз пайдаланыңыз.
Қазір бояну емес, пайдалы тамақтанып, табиғи сұлулықты сақтап қалу сәнді.

4. Әрдайым жымиып жүріңіз.
Үнемі көңілсіз жүретін адамға ешкім жолағысы келмейді.

А. Оралқызы