Майда моншақтан алқа жасап үйренейік

Майда моншақтан алқа жасап үйренейік
Фото: massaget.kz

Әшекей — бойжеткендердің киім үлгісін ерекшелейтін, нәзіктік беретін қосымша бұйым. Жаз мезгілінде ашық түсті әшекейлер тағу киім үлгісін толықтырып қана қоймай, көңіл күйімізді де көтереді. Ендеше, бүгінгі материалда ашық әрі нәзік түсті майда моншақтардан алқа жасау жолын ұсынамыз. 

Алқа дайындауға 3-4 түрлі түсті майда моншақ, қайшы, қыл жіп (силиконды жіп), ине-жіп және лента қажет.

Алқа мойныңыздан сәл түсіп тұратындай ұзындықта қыл жіп алыңыз. Сондай 4 қыл жіпке күлгін (фиолетовый) түсті майда моншақты өткіземіз. Екі жағын түйіншектеп байлап қоямыз.

Одан соң жоғарыдағыдай 4 қыл жіпке алқызыл майда моншақты өткіземіз.

Біз алқаны 4 өрімнен жасамақпыз, менде 3 түрлі түсті ғана майда моншақ болғандықтан көгілдір (бирюзовый) майда моншақты екі рет алдым. Яғни, 4 қыл жіпке өткізілген көгілдір майда моншақтың екеуін аласыз. Егер басқа түсті майда моншақ болса, соны да жасаңыз. Қарапайым үш өрім жасасаңыз да болады. 

Қыл жіпке өткізілген майда моншақтарды суреттегі ретпен қойып, басын байлап бекітеміз. 

Алқаның басын біреуге ұстатып, өруге кірісеміз.

Төрт өрімді өру кезінде үш өрім өріп, біреуін сыртқа қалдырып, оны қайтадан қосып отырасыз. Төрт өрім өруді мына жерден толығырақ көре аласыздар. 

Нәтижесінде мынадай өрім шығады.

Өріп болған соң шетін жіппен байлап қойыңыз.

Алқаның екі жағын лентамен жауып, жіптің көмегімен білдірмей тігіп тастаймыз.

Алқамыз дайын!

А. Жапатова