Жазғы сән-2016: Иығы ашық киімдер

Жазғы сән-2016: Иығы ашық киімдер
Фото: vk.com

Дизайнерлер жаз мезгіліне иығы ашық киімдер ұсынып отыр. Мұндай киімдер бірден трендке айналып кетті.

Бұл тренд барлық киім түріне, топ, жейде, көйлек, былғары күрте және т.б. киімдерге қолданылып жатыр.

Иығы ашық киімдерді жұмысқа да киюге болады. Үстіңізге иығы ашық киім кисеңіз, басқа киімдердің салмақты болуын қадағалаңыз. Мысалы, иығы ашық ақ жейде, қара шалбар және ер адамдар стиліндегі аяқ киім (немесе классикалық балетка).  

Бұл тренд casual және кешкі киім үлгісімен жақсы үйлеседі. Сasual стилінде киіну үшін иығы «қиылған» топ немесе жейдені джинс шалбарымен үйлестірсеңіз, ал кешкі кездесуге иығы ашық көйлек таңдасаңыз болады.

Егер сізге 70-ші жылдардағы киім үлгілері ұнаса, иығы ашық жейдені белі жоғары тұратын кең балақты шалбардың ішіне салып киіп, сәнді көрінуге болады.

Гүлді принт бойжеткендердің нәзіктігін айқындай түсетіндіктен, бұл тренд гүлді көйлектерге де қолданылып жүр. Егер иығы ашық гүлді көйлек кисеңіз, қосымша әшекей тағудың қажеті жоқ. Мұндай көйлекті ашық жеңіл аяқ киіммен және шағын клатч сөмкемен үйлестіруге болады.

Иығы ашық киімдер этникалық стильде де жақсы үйлеседі. Мұндай стиль жасау үшін қосымша бірнеше этникалық әшекей қоссаңыз болғаны, сәнді киім үлгісі шыға келеді.

Жазда су жағасына демалуға барсаңыз, міндетті түрде өзіңізбен бірге иығы ашық жағажайлық көйлек ала барыңыз.

А. Жапатова